ҚОҒАМ

Әйгерім Құсайынқызы, фембике: Әйелдер өзін барлық жерде қауіпсіз сезінуге тиіс

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Бүгін, 30 мамыр – феминизм күні. Bugin.kz тілшісі халықаралық құқық маманы, фембике Әйгерім Құсайынқызымен Қазақстандағы феминизм туралы сөйлесті.

Әйел теңдігі – тақырып яки тіркес емес, бұл қазақ қоғамындағы мәселе. Өткен ғасырда қыздардың жар таңдауы, білім алуы өзекті болды. Қазіргі қоғамда қыздардың қауіпсіздігі мәселеге айналды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022 жылға жасаған қорытындысында елімізде 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табатыны айтылған. БҰҰ дерегінше, елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан жәбір көрген қыз-келіншектерге арналған 63 дағдарыс орталығы бар. Қазақстанның Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп сотталды. Содан кейін көпшілік "Салтанат заңы" деп атаған тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге заң қабылданды.

Бұдан өзге елімізде адам саудасы да өршіп тұр. Ішкі істер министрлігі  “STOP-трафик” жедел алдын алу шарасын өткізгенде, елімізде жас қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеген 3 бірдей қылмыстық топ құрықталған. Осыған дейін қызды көшеде кетіп бара жатқан жерінен ұрлап, жезөкшелікке мәжбүрлеу фактісін жазған едік. 

Фото: Әйгерім Құсайынқызы

Фото: Әйгерім Құсайынқызы

“Феминизм” ұғымын қалай түсінесіз? Неге біздің қоғам оны ЛГБТ ұғымымен байланыстырады деп ойлайсыз?

– Мен феминизм ұғымын әйелдердің құқығы үшін күресушілердің саяси қозғалысы деп білемін. Солай оқыдым, түсіндім және сол құндылықтарға сай әрекет етуге тырысамын.

Феминизм ол батыстан келген, қазақилыққа жат, құндылықтарды таптайтын теріс ағым деген жалған ұғымды ұстанатындар – бұл тақырыпты зерттеп, оқып көрмегендер. ЛГБТ ұғымымен байланыстырудың бірнеше себебі бар:

- бұл тақырыптан қорқу, жатсыну, оқымай жатып таптаурындардың жетегінде кету;

- кітапқа емес, популист саясаткерлерге сену;

- ақпаратқа фактчекиң жасамау;

- әлеуметтік ғылым салаларын ғылым саласы деп қабылдамау;

- соңғы әлеуметтік этика нормаларын білмеу;

- жаңаны жаман, ескіні жақсы деп қабылдау;

- либералды көзқарастардан алшақтап, дәстүрге бас ұру;

- дінді әркім өзінше түсіндіруі;

- өзіңе ұқсамайтын өзгелерді жау көру;

- адам құқығының негізгі қағидаларын білмеу және білуге де ұмтылмау, т.б.

 “Әйел теңдігі” десе, көзіңізге қандай көрініс елестейді?

– Әйел теңдігі дегеніміз қоғамның барлық саласында әйелдер үлесінің 50 пайыз болуы, әлеуметтік әділет, қатыгездік пен қылмыс деңгейінің төмендеуі, жетім-жесірлердің аз болуы, кедейлерді кемсітпеу, өзгелерді шеттетпеу, соғыстың азаюы, экологиялық апаттар зиянының минималды болуы. Бұл – мен үшін тек бастамасы ғана.

Осы ұғымды тек елестетіп отырғым келмейді. Арман қалпында да қалдырғым келмейді. Теңдікке қол жеткізу үшін мақсатты түрде еңбек етіп жүрген жанмын. Адам фантастиканы да елестете алады, ал әйел теңдігі – тек елестетін емес, біз қоғам болып талпынатын құндылық болуға тиіс.

Қазақстандағы қыз-келіншектердің ең өзекті мәселесі не деп ойлайсыз?

Ең өзекті мәселелердің градациясын жасау үшін біз Қазақстанның әйелдерге не қажетін анықтау мен бағалау бойынша кең көлемді әлеуметтік зерттеу жүргізуіміз керек. Бізде ондай зерттеу жоқ, бірақ жастар бойынша осыған ұқсас зерттеулер бар.

Әйелдер әртүрлі, олар елдегі халық санының 51,8 пайызын құрайды. Қыз-келіншектердің қалауы мен армандары әртүрлі. Олардың бәрін бір қалыпқа кигізуге ұмтылу да – гендерлік зорлықтың бір түрі. Әйелдердің әртүрлігін қабылдау – гендерлік теңдікке жетелейтін қадам.

Ал, менің жеке пікірім бойынша, дәл қазір қазақ әйелдері үшін ең өзекті мәселе – қауіпсіздік. Әйелдер өзін барлық жерде қауіпсіз сезінуге тиіс: жұмыста да, үйде де, қоғамдық көлік пен түнгі 11-де паркте жүрсе де. "Сені зорламасын десең, түнде паркте жалғыз жүрме" деп айтқаннан мәселе шешілмейді. Бұл әйел қауіпсіздігін құнсыздандыратын ұсыныс екенін ескеруіміз керек. Екінші мәселе, әйелдерден қазақ қоғамы күтетін қажеттіліктердің көптігі мен әділетсіздігі. Қоғам әйелдерден үнемі ақырын жүріп, анық басуды, үнсіз қалуды, бар жауапкершілікті өздеріне алуды, өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүруді талап етеді. Осы күтілетін жағдайлар орындалмағаны үшін оларды қорлайды, азғырады, кемсітіп, алалайды. 

Феминизм мен үшін – өзіңді қоғамның кез келген саласында қауіпсіз әрі құрметті сезіну. Өзіңе лайықты орын мен марапатты талап етпей-ақ, меритократиямен қол жеткізу. Қазақстанда қыздардың тағдырын ұлт тағдырына байлап қою да қыздардың өмірін қиындата түседі, көтере алмас қанжарды беліне байлап береді.Сондықтан әр адам теңдікті өзінен бастауы керек.