САЯСАТ

"Жұмысымды нәжіске толы шұңқырдан бастадым": Қуғын-сүргін құрбандарының жантүршігерлік естеліктері

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

31 мамыр – саяси қуған-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Бұл – ел тарихындағы ең азалы, ең қайғылы парақтардың бірі. Bugin.kz порталы осы кезеңнен қалған оқиғалар мен кейбір деректерді назарларыңызға ұсынады.

100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргіннің машақатын көрді. Оның ішінде 20 мыңы атылды. Сол жылдары Қазақстан аумағында құрылған лагерлерге 5 миллионнан астам адам жіберілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында ұлт зиялылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері болды.

Ал “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген ұранмен ұйымдастырған жылдары 40 миллионнан астам мал қырылды. Отбасы, ошақ қасын малмен асырап отырған қазақ үшін жиған төрт түлігінен айырылу үлкен нәубет еді. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды.

“Тар жол тайғақ кешкен” қасіретті кезеңдердің бәрі жазылып қалмаса да, кейбір деректерді, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының естеліктерін ұсынамыз. 

“Олардың көпшілігі әкелерінің ақталғанын көре алмай, дүниеден өтті”, Жансүгірова Үміт, Репрессия құрбаны Ілияс Жансүгіровтің қызы:

Бейімбет Майлиннің балалары да ауыр тағдырды бастарынан өткерді. Майлиннің әйелі – Гүлжамал апайды күндіз бүкіл елдің көзінше балаларының құшағынан айырып әкетті. Қаруланған бірнеше жас жігіт оны қамыс үйдің төртінші қабатынан итермелеп түсіріп, аулада тұрған, халық арасында “черный ворон” аталған жабық машинаға тықты. Бұл үйдің қазір орны да жоқ, 1937 жылдары талай отбасына қайғы әкелген, ата-ана мен баланы ажыратқан, балаларға “халық жауларының ұрпақтары” деген таңба салған тұтқындаулардың, нәубет жылдардың ескерткіші ретінде қалдырса да болар еді.

Гүлжамал апай Карлагта 10 жыл жазалау мерзімін етеді. Бостандыққа шыға сала, бірден балаларын іздеуге кірісті. Оның үлкен ұлы ағам Жәнібек Сулеевпен бірге өз еркімен майданға кетті де, 1943 жылы Смоленск түбінде қаза тапты. 1937 жылы туған кенже қызы сәбилер үйінде қайтыс болды. Ал басқа балалары – Маулина, Еділ және Мереке Семейдегі балалар үйіне жіберіліп, біз оларды 1939 жылы Жаңа Семейден тауып алдық. Гүлжамал апай олармен кездесіп, лагерден кейінгі жылдары тіпті бірге тұруға да мүмкіншіліктері болды. Бейімбеттің үлкен отбасынан қазір тірі қалган Гүлсім (әкесі оны Күлсүнтай деп атайтын) ғана.

“Ұлым өзінің өмірбаянын жасырып, ешкіммен араласпады”, Даниленко Мария, Репрессия құрбаны Иван Даниленконың жұбайы:

Қаншама жыл жылжып өтсе де, тар жерде босқа өткен жастық шақтың, қан жылаған аналық сезімнің тақсыреті, институттан шығарып қорлағандарының азабы, темір торда торыққан өмірдің зардабы ешқашан ұмытылмайды екен. Сол уақыттағы “Не үшін мені осының бәрінен айырды?” деген сауал көкейімде қазір де сайрап тұр. Өмірім өтіп жатыр. Мен 27-демін. Сүйікті жарым мен ұлым бар, өзім Харьков педагогикалық институты орыс тілі мен әдебиеті факультетінің 3-курс студентімін. Болашаққа деген үмітім зор. 1937 жылы 29 қазанда күйеуім Иван Даниленконы тұтқындаған сәттен бастап бәрінің күлі көкке ұшты. Большевиктердің идеалына күмәнсіз сенген Иван Отанына адал қызмет етті. Өз еңбек жолын комсомолдан бастап, Харьков университеті әдебиет факультетінің журналистика бөлімін тәмамдады. Мен лагерьден оралғанда, есейіп қалған ұлым менен: “Мама, әкем қайда?” - деп сұрады. Күйеуіммен бірге кешкен бақытты жылдарым үшін өткен өміріме, лагерде сарп болған бүкіл жастық шағыма өкінбеймін. Ұлымның бойын кернеген өкініш пен ыза ұзақ уақыт тарқамады. Ол өзінің өмірбаянын жасырып, ешкіммен араласпады.

“Адамның иммунитеті сын сағаттарда таңқаларлықтай жұмыс істейді екен”, Колдомасова Галина, Репрессияны көзбен көрген куәгер:

Белгісіз бағытта бір ай бойы жол жүрдік. Вагонды сыртынан құлыпқа жабады да, тек тамақ берерде ғана ашады. Бізге берілетін тамақ түрі көбінесе қара нан мен майшабақ және су болатын. Коммуналды қолайлылық дегеніңіз вагонның еденіндегі дөңгелек тесік қана. Дәретке отыруға арналған ол тесіктің ар жағынан темір жолдар көрініп тұрады. Адамның иммунитеті сын сағаттарда таңқаларлықтай жұмыс істейді екен. Бірде қазылған шұңқырда тұрып, балшықты жоғарыдағы төселген тақтай үстіндегі қол арбаға лақтырып тұрғанда, аяғыма айыр тығып алдым. Қан аққан кезде микроб түсіп, қаным бұзыла ма деп қатты қорықтым, бірақ бәрінен аман қалдым.

“Өз жұмысымды нәжіске толы шұңқырдан бастадым”, Крылова Людмила: Репрессия құрбаны, оқиғаны көзбен көрген куәгер:

Бәрімізге лагерь киімдерін таратып берді. Таңғы сағат 6-да орнымыздан тұрғызады: киініп, төсегімізді жиыстырамыз, жуынып болған соң, таңғы асымызды ішеміз де, далаға шығып, сапқа тұрамыз. Староста түгендеп шыққаннан соң, бізді айдауылдарға табыстайды. Айдауылдар да бізді санап алып, зонаның сыртына алып шығады: алдымызда, соңымызда және саптың екі жағында айдауылдар жүреді, міндетті түрде екі ит болады. Осы ретпен жұмысқа баратынбыз, содан қараңғы түскенге дейін дамыл көрмейміз. Кейде нөсер жауып, дауыл тұрған жағдайда бізді жұмыстан ертерек босататын, соның өзінде үстіміз малмандай су болғанша жұмысты тоқтатпайтын. Барлық жаңадан келгендер сияқты мен жұмысымды нәжіске толған шұңқырдан бастадым. Өйткені лагерге жаңадан келгендерді осы жұмысқа салады екен. Мен ұзын сапты үлкен темір ожаумен үлкен шұңқырдан нәжісті алып, егістікке апарып төгемін, сол арқылы топырақты тыңайтатынбыз. 

“Өз-өзіне қалай қол жұмсарын білмейтінін айтты”, Роза Григорьевна, Қарағандыдағы түрмеде жұмыс істеген:

“Тергеу” кезінде Ольгадан жауап алып, Кеңестік институтта жоғары білім алған инженер әйелдің оқу бітіргеннен кейін не себепті қоғамдық пайдалы жұмыспен айналыспай, үй шаруашылығында қалып қойғанын білгісі келіп, қинады. Неге өзінің тегін өзгертті және т.б. сол секілді сұрақтар қойылды. Ол лагерьде ауыр қара жұмыста болып, инженер ретінде біліктілігінен айырылды. Ол, ең алдымен, ана және әйел. Егер ол басынан өткен небір зұлматтардан кейін қалған ғұмырын отбасына арнаса, сол қылмыс па?

Ольганы да мен секілді қайта соттап, айдауға жіберу туралы үкім шығарды. Оны алыс Сібірдегі Красноярск өлкесіне айдауға жіберді. Жолда екеуміз Новосибирскіде жолықтық. Еті тірі, жарқын мінезді, сергек Ольга бұл жолы үміті үзіліп, шарасыз күйге түсіпті. Неге? Не үшін? Енді ол жалғыз қалды. Балалары мен күйеуі оның соңынан айдауға бірге бармасы бесенеден белгілі. Ольганың өзі де оларды өзімен бірге жүр деп қинамайды. Ольга өз-өзіне қалай қол жұмсарын білмейтінін айтты. Барлық үміті мен сенімі күл-талқан болды.

Дереккөз: "Карлаг: Нәубет жылдардың жазылмас жарасы"

Авторлары: Дулатбеков Нұрлан Орынбасарұлы, Жұмаділова Нұршат Төлеуғалиқызы