Bugin

Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған 11 адамға үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: depositphotos.com

Алматының Наурызбай аудандық сотында 2022 жылы Қаңтар оқиғасында "қала әкімдігі мен президент резиденциясына шабуыл жасады" деп айыпталған 11 адамға үкім оқылды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі  "Азаттық" радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Прокурор айыпталушыларға 10-12 жыл түрме жазасын сұраған еді. Сот 11 айыпталушының біреуін 4 жылға, қалғанын 1 жыл 9 ай жазаға кесті.

Судья Ербол Болатов "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ғимаратқа басып кірді", "билік өкіліне күш қолданды", "әскери қызметкерді кепілге алды" деп айыпталған Ақжол Жандарбековке 4 жыл түрме жазасын тағайындады.

Ал "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ғимаратқа басып кіру", "билік өкіліне күш қолдану" айыбы тағылған Серік Кекілбаев пен Тұрсынбай Алпысбаев және "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "ғимаратқа басып кіру" айыбымен айыпталған Нұртас Каранеев, Рысбек Мамыров, Қосай Маханбаев, Әбидолла Таубай, Арман Әлімбеков, Нұрсұлтан Байкісиев, Дәурен Бакиев, Серікбол Орынғазы 1 жыл 9 айға сотталды.

Жарыссөз кезінде прокурор Рахат Естібек Ақжол Жандарбековке – 12 жыл, Серік Кекілбаев – 11 жыл, қалғандарына 10 жыл түрме жазасын сұраған.

Судья Болатов Ақжол Жандарбековке негізі 16 жыл жаза беріп, Қаңтар оқиғасынан кейін қабылданған "Рақымшылық" заңының негізінде жазаның төрттен үшін қалдырып, 4 жылға соттады. Қалған он адамның да жазасы "Рақымшылық" заңымен қысқарды.