Саясат

Саны көп, сапасы ше?

Елімізде 22 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым бар. Байыптап қарасаңыз, халқының саны 18 миллионнан асқан Қазақстанда осынша ұйымның бар екендігін оның қоғамдық маңызды істерді көтеріп, мемлекеттік емес секторды дамытып жүргенін көп халық біле бермейді. Себебі үкіметтік емес ұйымдар бір жабылып, бір құрылып, ендігісі қаржы табу үшін арнайы ашылатынын сарапшылар да мойындайды. Негізінде үкіметтік емес ұйымның әлеуеті қалай? Оның мүшелерінің қоғамның бел ортасында жүріп, маңызды мәселелерді көтеруге деген қауқары қандай? Азаматтық қоғамның дамуына оң ықпал етер тетіктің төте жолы қайсы?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Сауал орынды, сұрақ салмақты. Алайда, елдің ішінде үкіметтік емес ұйымдардың бас­тамаларына келгенде қоғам екіұшты ойдың жетегінде қа­лып барады. Осы себепті Қа­зақстандағы үкіметтік емес сектордың жанды һәм әлсіз тұстарын таразылап көргенді жөн санадық.

Алдымен, үкіметтік емес ұйым дегеннің мәнін ашып алсақ. Анықтамада былай де­лін­ген. Үкіметтік емес ұйымдар - мемлекеттік билікке ұмтылмайтын ашық коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар. Яғни мемлекеттің кейбір функцияларын қоғамдық тұрғыда дамытып, әрі еркін ашық ой қа­лыптастырады. Қысқаша қайырғанда, азамат пен мемлекеттің арасында делдал болу, жеке адамның мүддесін қорғау һәм билікпен етене жақын жұ­мыс істеу. Сол себептен де үкі­меттік емес ұйымдар мемлекеттің үшінші секторы ретінде бағаланады. Ережеде бәрі ай­на-қатесіз жазылған. Үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қо­ғам­ның іргетасын қалыптас­тыр­уы керек. Яғни демокра­тия­лы жолдың бағытын ұстан­уы шарт. Алайда, біздегі үкі­мет­тік емес сектордың салмағы түпкі ой мен мақсатқа үйлесе ме?

Әлбетте, үкіметтік емес ұйымдар құру өркениетті елдердің тәжірибесінен туындаған тетік. Батыс елдерінен бастау алған бұл сектор келе-келе жетіліп, мемлекеттің дамуына қажетті ұсыныс, маңызды жобалар жасау арқылы елдің өр­кендеуіне жаңа сол салды. Бұл кәрі құрлық елдерінде сәтті жүзеге асып, тіпті мемлекеттен тыс қаржыландыру кө­зін реттейтін механизмге де айналды. Қоғамдық ой-пікір, азаматтық позиция шеңберіндегі идеяларды іске асыру біз­дің елге де үкіметтік емес ұйым­дарды құру қажеттігін тудырды.

Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, біздің елде үкіметтік емес ұйымдардың жандана бастағаны соңғы бес жылда ғана көріне бастапты. Себебі бұған дейін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі және оның қоғамдық маңызды істерге араласа бастауы бәсең болған. ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ақпарына сүйенсек, осыдан 13 жыл бұрын Қа­зақстанда 7151 үкіметтік емес ұйым болса, 2016 жылы оның саны 18 мыңнан асқан. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша елде 22398 үкіметтік емес ұйым жұмыс жасаған. Аймақтық көрсеткішпен салыстырсақ, Алматы қаласы алдына жан салмайды. Мұнда 5338 ұйым тіркелген. Одан кейін Астана, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында тір­келген ұйымдар аз емес. Ал, Қызылордада 1067 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.

Тіркелген ұйымдардың бәрі бірдей азаматтық қоғамды ілгері­летіп жүр дей алмайсыз. Себебі жекеленген батырдың не рудың атына ашылған қоғамдық қорлар да үкіметтік емес ұйымдардың санын толтырып тұр. Яғни жылына бір рет ас өткізу не кітап шығарумен шектелетін ұйымдардың, әсіресе оңтүстік аймақтарда көп екенін растайды Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов.

- Сыр өңіріндегі әрбір ауданда жекеленген руларға бағытталған қоғамдық қорлар мен ұйымдар аз емес. Тіпті аймақ бойынша тір­келген ұйымдардың 10-15 пайызын осы батыр бабаларға арнал­ған ұйымдар құрайды. Белгілі бір рудың ақсақалын басшы етіп қойып, кейін сол ұйымның салыққа берешегі артқан уақытта әлгі ұйымды басқаруға сайланған төраға жауапкершілікті мойнына алмайды. Содан барып мәселе туындайды. Олар жылына бір ғана мәрте өткізетін іс-шаралар үшін ұйым ашып, үкіметтік емес сектордың санын толықтырып тұр. Әрине, заң жүзінде оның құқығы бар. Дегенмен, салыққа берешегі көбейіп кеткен ұйымдардың мәселелері сотқа дейін баратыны ойландырады,-дейді басқарма басшысы Талғат Толыбайұлы.

Байыбына барып қарасаңыз, Астана, Алматыдан кейін оң­түстік аймақтарда ашылған үкі­меттік емес ұйымдардың саны тым көп. Бірақ мәселе тек санда емес, сапасына келіп тірелгенде көп ұйымның айқын мақсаты бол­май шығады. Бұл дегеніңіз үкіметтік емес ұйымдардың кей­бірі мемлекеттік тапсырыс не әлдебір жоба үшін құрылады. Жобадан кейінгі уақыттарда жұмысы тоқтайды, ісі баяулайды. Дегенмен ҚР Қоғамдық даму министрлігі жанындағы "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" Талдау және стратегиялық даму департаментінің директоры Нұрмұхамед Байғараев үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттен қар­жы не грант күтіп отыра беретін уақыттан арылуы керек деп есептейді.

- Жалпы, ҮЕҰ-дың өз бетінше күн көруі маңызды екендігін өзгелер де түсіне бастаған тәрізді. Былтыр күзде Қазақстанға ресейлік актер Константин Хабенс­кий келген болатын. Ол соңғы жылдары қайырымдылық шараларымен айналысып жүр. Жеке қайырымдылық қоры бар. Хабенс­кий сол кезде: "Қайырымдылық саласы болса да, біз үнемі қол жая алмаймыз, өзіміз де қар­жы табуымыз қажет",-деген еді. Сол айтқандай, Қазақстанда да түрлі бағыттарда жұмыс істейтін ҮЕҰ қаржыны мемлекет пен бизнестен күтіп отыра бермеулері керек. Олар енді қашанғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс немесе грант күтіп отырмақ? Демек, ҮЕҰ да өз бетінше қаржы табуы керек,-дейді ол.

Рас, тіркелген 22 мың үкі­меттік емес ұйымның басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс шеңберінен әрі аса алмайды. Себебі соңғы жылдары билік мемлекеттік сатып алу бағытында түрлі жобаларға қаржы құяды. Бағытына қарай, жар­ғы­сында көзделген мақсаттарды алдыға қоя отырып ұйымдар түрлі жобаларды іске асыруға көшеді. Мұнан бөлек, мемлекет тарапынан жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грант тағайындалады. Дәл осы грант беріле бас­таған сәтте үкіметтік ұйымдар арасында бәсекелестік қызады. Баға саясатынан бастау алған бәсеке жобаларды орындаудың әлеуетіне дейін жалғасады. Мәселен, 2017 жылы ұзын-саны 512 өтінім жіберілген. Оның басым бөлігінде Астана, Алматы қалалары ұсыным берген. Яғни 512 өтінімнің тек 57-іне ғана грант берілген.

Гранттардың қаржылық бөлінісі де www.cisc.kz сайтта ашық көрсетілген. Айталық, 57 гранттың құны 618 595 321 теңгені құраған. Оның 10 миллионы білім, ғылым, ақпарат бағытына, 93 миллионы балалардың құқықтарын қорғауға, 194 миллионы азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға, 174 миллионы ұлттық бірлікті нығайтуға, 72 миллионы жастар және балалар бастамаларын қолдауға, 18 миллионы халықтың осал топтарын қолдауға бө­лінген. Қалған грант сомалары гендерлік мәселелерді шешу, азаматтарды жұмысқа орналас­тыруға жәрдемдесу, тарихи-мәдени мұраларды қорғауға бағытталған.

Қазір нақтылыққа сенетін уақыт. Әсіресе, адами капитал сапасын арттыруға негізделген жобалардың мәнін қоғам айқын көруі тиіс. Бұл бағытта министрлік үкіметтік емес ұйымдар жобаларының пайдасын сараптаған. Айталық, Қостанай облысындағы "Ата-аналар академиясы" отбасыларды қолдау орталығында 1000 адам, оңалту орталықтарында радикалды идеологиядан зардап шеккен 17819 адам, заңмен қақтығыстағы 591 бала жобалар аясында көмек алған. Бұ­дан қалды 7 бизнес-жобаға 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейін қолдау көрсетіліпті. Ал, балалар мен ата-аналарға арналған дағдарыстық жағдайлар бойынша әлеуметтік қызмет орталықтарында 6097 адам көмек алса, Астана және Шымкенттегі тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 397 әйел жәрдем көрген.

Сарапшылар үкіметтік емес ұйымдардың жоба орындауда әлі де қаржылық һәм жобалық тәжірибесінің аздығын алға тартады. 10 жылдан бері үкі­меттік емес ұйым ретінде жоба орындап, тәжірибе алмасып жүрген "Қызылорда-Ақиқат айнасы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Уәлихан Тұрарбекұлы біздің елдің үкіметтік емес секторы көрші тұрған Қырғызстаннан 10 жылға артта қалған деген пікір айтып, сұхбат берді.

- Біздің үкіметтік емес ұйымдарда менеджерлік қасиетті үйрену, франчайзинг, әлеуметтік кәсіпкерлікті енгізу, медиа арқылы жұмыс жүргізу бағытына келгенде кемшін тұсымыз көрініп қалады. Себебі бұрынғыдай емес, қазір атқарған жобаның ашықтығын оның қоғамға берер игі ісіне мониторинг жүргізіп қана қоймай, медиконтентті де қалыптастыру маңызды. Әлі күнге дейін қаржылық жобалауды, стратегиялық жоспарлау, өзге ресурстардан қаржы іздеуде енжарлығымыз басым. Меніңше, алдағы 3 жылдық жоспары айқын емес, ерекше идея­сы жоқ үкіметтік емес ұйымдар тек тапсырыс не жобадан тү­сетін айлық үшін ғана өмір сүретін секілді,- дейді У.Тұрарбекұлы.

Алайда, "үкіметтік емес ұйымдардың түпкі ойы ақша табу емес, қоғамдық сананы ояту, адамгершілік позицияны көтеру" дейді Қызылордадағы Азаматтық Альянсы қауымдастығының төрағасы Жандос Базартай. Оның сөзіне сенсек, Сыр өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі жоғары, жұмысты жүйелі жүргізіп отыра алмағандары да бар. Бірақ, қоғамдық ұйымдардың көбісі ортақ іске келгенде жұмылып, пікірлерін ашық айтала алады деп есептейді.

-  Жобаларын сәтті әрі нәтижелі орындап жүрген үкіметтік емес ұйымдар өте көп. Олардың белсенді дегендерінің өзі 150-ге жуықтайды. Әрине, бір жыл жұмыс істеп, кейін 4-5 жыл үзіліс алып, көрінбей кететін ұйымдар да жоқ емес. Олар мемлекеттік грантты алу бағыттарынан құр қалады. Екінші проблема - мемлекеттік сатып алу ісінде. Бәрі біледі, бүгінде мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жасау үшін тиісті басқарма не жауапты құрылым тендер арқылы лот жариялайды. Міне, осы бағытта бағаның төмендігі рөл ойнайды. Әрине, аз бағаға тапсырысты алып, оны шала орындау практикасы да кездеседі. Алайда, біздің аймақта ҮЕҰ әлеуетінің қарқыны жоғары,- дейді Ж.Базартай.

Баға саясаты жобаның сапасына тікелей қатысты екенін осы саладан көрініп жүргендер жақсы біледі. Бірақ жауапкершілік пен жанашырлық таразы басына түскенде кей үкіметтік емес ұйымдардың өз ісіне тиянақты қарамайтындығы көрініп қалады. Мәселен, бір ғана аймақты алайық. Қызылордада қазіргі күнде 1067 үкіметтік емес ұйым болса, соның 974-і нақты жұмыс жасайды. Ал, сол мыңнан асатын ұйымдардың тек 240-ы ғана дерек­қорға мәлімет ұсынған. Демек, қалған ұйым жыл сайын нендей іс пен жоба орындағанын айтуға мүдделі емес, яки ашықтық талабын орындамай отыр деген сөз. Мұны үкіметтік емес ұйымдармен етене жақын жұмыс іс­тей­тін ішкі саясат басқармалары жақсы біледі. Бізбен сұхбаттасқан бас­қарма басшысы Талғат Маханов "үкіметтік емес ұйымдарға жыл сайын бөлінетін қаржының көлемінде проблема жоқ, мәселе ұйым­ға басшылық ететін азаматтардың елдік емес, жеке мүдденің қамын ойлап кететіні көңілге күдік ұялатады" дейді.

- Әр жылдың басында келер жылдың жобаларына арналған бюджетті бекітеміз. Расын айту керек, осы кезге дейін түрлі жобалар өтіп, қаржылық қолдауға ие болды. Алайда, қоғамдық негіздегі, елдік мүдде талаптарына келгенде көп жоба жетекшілерінің қаржы табу мақсаттары бар екені көрініп қалып жатты. Осы себепті ішкі саясат басқармасы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты орындауға қажетті талапты күшейтті. Нысаналы индикаторлардың айқын болуына мән бердік. Себебі біздегі үкіметтік емес ұйымдардың кей­бірі әлеуметтік жауапкершілік дегенді ұмыт қалдыратын се­кілді,- дейді Талғат Толыбайұлы.

Ішкі саясат басшысы үкі­мет­тік емес ұйымдарға қатысты тағы бір шетін мәселенің бірін қозғады. Оның айтуынша, техникалық талапты әрі шығармашылық есепті толық жүргіз­бей қаржыны игеріп, жоба жасаған ұйымдардың жауапкершілігіне келгенде заңның өзінде қарама-қайшылық бар дейді.

- Қызылордада өткен жылы әлеуметтік жобаны алған ұйымның бірі жұмысты сапалы әрі уақытылы өткізбегеніне байланысты сот ісі жүрген еді. Бірақ, біздегі сот жүйесінің кейде мемлекеттік заңдардағы айдан анық көрініп тұрған нәрсені дұрыс қолданбауының салдарынан өзара түсініспеушіліктер туындап қалады. Яғни, талапты то­лық орындамаған ұйымды жосықсыз деп таниды. Солай бола тұра әлгі ұйым екінші бір жобаға құ­жат тапсырып, жұмысты ат­қара алады. Себебі конкурс ашық, оған бәрі де қатыса алады. Сондықтан да біз техникалық ерекшеліктің талабын қа­тай­ту арқылы мәселені реттеуге күш салдық,- дейді басқарма басшысы.

Жобалар дегеннен шығады. Өткен жылы Қызылордада облыс бойынша бюджет есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыруға 1 млрд. 109 млн. 691 мың тең­­ге қаржы қаралыпты. Атал­ған қаржыға 173 жоба жүзеге асырылған.

Үкіметтік емес ұйым хақында айтылар проблемалар аз емес. Оны әлеуметтік желіде де анық бай­қадық. Тіпті әлеуметтік сауал­намаға да көңіл толмаушылықтың көп екенін айтқандар аз емес.

Сайып келгенде, үкіметтік емес ұйымдардың мақсаты бір болуға тиіс. Ол - азаматтық қо­ғамды құру үшін ашық қағидаттарға негізделген жүйеде жұмыс істеу. Әлеуметтік проблемалардың шешілу жолдарын қарастырып, елді алға жылжытатын механизмдерді ойлап табу. Мұндай азаматтық позицияға негізделмеген ұйымдар нарық бәсекелесінен түсіп қалмақ. Себебі алдағы жылдардан бастап үкіметтік емес ұйымдарға қойылар талап, артылар міндеттің салмағы беки түспек. Ал, қоғамдық ұйым не бірлестік ашып алған азаматтар өзара рейтингтте медиасауаттылық, стратегиялық жоспарларды түзу, кері байланыс тетіктерін толық меңгеріп шықпайынша үкіметтік емес ұйым секторына қоғамның бағасы бұрынғыдай болып қала бермек.