БІЛІМ

Грант дауы: 10 талапкер ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: www.gov.kz

Өткен аптада ғылым министрлігі талап етілмеген 3928 гранттың тізімін жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Жыл сайын қосымша берілетін бюджеттік орындар қалады. Мұны жақсы жаңалық деуге болады. Бұл туралы stan.kz жазды.


Қорғаушы Халида Әжіғұлованың айтуынша, жоғары оқу орындарына түспеген түлектер бұл орындардың берілуіне сенімсіз болып, шағым түсірген.

“16 тамызда өткен баспасөз мәслихатында оқуға түспеген талапкерлер ғылым және жоғары білім министрлігінен 25 тамызға дейін лайықты мемлекеттік гранттарын қайтаруды сұрады. Себебі бұл – құжат қабылдаудың соңғы күні. ҰБТ-да жоғары балл жинаған, бірақ әлі жоғары оқу орындарына түспеген балалар бұл орындарға сенімді болған жоқ. Ол қашан беріледі, мүмкін берілмей ме, белгісіз болды, сондықтан олар арыздануға шешім қабылдады”, – деді адвокат Халида Әжіғұлова.

Бастапқыда екі талапкер төтенше квота бойынша грант бөлуді заңсыз деп тануды талап етіп, әкімшілік сотқа арызданған. Татуласу рәсімі бойынша кездесу 28 тамызға белгіленді. Заң бойынша алдымен дауды медиация тәртібімен шешу ұсынылады.

Дәл 28 тамызда министрлік қосымша гранттар тізімін ұсынып, сотқа арыз берген түлектер де бұл тізімге іліккен. Екеуі де таңдаған мамандықтары бойынша қалаған оқу орындарына түсті. Олардың талаптары орындалды.

Қосымша гранттар көптеген талапкердің мәселесін шешкендіктен, сотқа жүгінбеді. Бірақ төтенше квота кесірінен қалаған мамандыққа немесе оқу орнына түсе алмай қалғандар көп.

“Бір жігіт халықаралық қатынастар саласына оқуды армандап, ҰБТ-ны сәтті тапсырды. Бірақ төтенше квотаның кесірінен өте алмай, саясаттану мамандығын таңдауға мәжбүр болды. Ал өткен аптада министрлік халықаралық қатынастарға осы талапкерлерге қарағанда аз ұпай жинаған балаларға гранттардың қосымша тізімін жариялады. Бұл тағы да әділетсіздік және наразылық тудырады”, – деді адвокат.

2024 ЖЫЛЫ ҰБТ-ДАН ЖОҒАРЫ БАЛЛ ЖИНАҒАН ОҚУШЫЛАР НЕГЕ ГРАНТ АЛА АЛМАДЫ? 

Біріншіден, мемлекеттік гранттар саны шектеулі болды. Грант пен талапкер санының арасында үлкен айырмашылық болған жағдайда да мүмкіндік азаяды. 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінсе, 186 мың талапкер тестілеуге қатысқан.

Екіншіден, гранттар бөлінісі кезінде пәндік комбинациялар мен таңдалған мамандықтардың әсері үлкен. Кейбір мамандықтарға сұраныс өте жоғары болғандықтан, бәсекелестік жоғары болады. Мысалы, медицина, құқық, және IT салалары бойынша грантқа таласатындардың саны өте көп болды. Бұл жағдайда ҰБТ-дан жоғары балл жинаған оқушылардың өзі грантсыз қалуы мүмкін.

Үшіншіден, гранттардың бөлінісі аймақтық квоталарға байланысты болады. Әр түрлі облыстар мен ауылдық жерлерде оқитын талапкерлерге арнайы квоталар бөлінеді. Бұл квоталар жалпы грант санына әсер етеді. Нәтижесінде жоғары балл жинаған оқушылардың грант алу мүмкіндігі төмендейді.


БИЫЛҒЫ КОНКУРСҚА ҚАТЫСУШЫЛАР САНЫ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 11 МЫҢҒА КӨП 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл бәсекелестіктің жоғары болғанын мәлімдеген еді. Биыл еліміздің бірқатар өңірі су тасқынынан зардап шекті. Осы жағдайға байланысты, министрлік жоғары білім алуға 5112 грантты зардап шеккен өңір түлектеріне бөлген еді.

”20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі өздеріңізбен бірдей жалпы конкурспен өтті. Біз оны әділ және ашық түрде бөлуге бар күш-жігерімізді салдық”, - деді Саясат Нұрбек.

ҰБТ-ның жалпы білім беру сапасына қатысты талаптарының өзгеруі де белгілі бір рөл атқаруы мүмкін. Соңғы жылдары білім беру стандарттары мен талаптары жаңартылып, кейбір пәндер бойынша қиындық деңгейі артты. Бұл өзгерістер оқушылардың нәтижелеріне әсер етіп, гранттарды бөлудегі бәсекелестікті күшейтті.