Weekend

Желтоқсан оқиғасында (Естелік)

Есімде

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

1986 жылдың аяғында мен институттың бесінші курсында оқитынмын. Енді төрт-бес айдан соң диплом аламыз деп жүрген кез. Үйленгенмін. Әйелім ауылда, шешем екеуі бірге тұрады, дүкенде сатушы болып қызмет ететін. Біз төрт жігіт Алматының Кеңсай жағында бір орыс кемпірдің үйінде пәтер жалдап тұрдық. Кеңсайда қазақтың зиялы қауымы көп жерленген ғой. Бауыржан атамыздың басына барып тағзым етсек, Мұқағали ағамыздың қабірі басында үнсіз отырып сырласушы едік. 

16-желтоқсан күні кешке пәтерге келсем, Бақытжан досым "Кешкі Алматы" газетін қарап отыр екен. Соның алдында "Қонаев орнынан түседі екен" деген қауесет шығып жүрген. 

-  Қараңдар, Қазақстан коммунистік партиясының xатшысы болып, мына кісі сайланыпты,-деді Бақытжан. Бәріміз қарап жатырмыз. Қабағы түксиген, ұсқынсыздау біреу газет бетінен бізге қарайды. Геннадий Колбин екен, аты-жөні. Ульянов обкомында істеген. Бізге ұнамады. Тас лақтырсаң оқыған қазаққа тиетін кез, Қазақстанды басқаратын бір қазақ табылмады ма екен?! Бәріміздің көкейімізде осы сұрақ. Біраз саясат жайында әңгімелестік, әріге бара алмаймыз. Бірақ Горбачевтың демократия деп тұрған кезі. Ертесіне институтқа келсек 300-дей студент отыратын аудиторияда 50 шақты ғана студент отыр және де көбісі орыс жігіттер мен қыздар. Сұрастырсақ бәрі алаңға кетіпті. Алаң біздің институтқа жақын жерде. Біз де сонда қарай тарттық.  

Желтоқсан айы. Үсікірік аяз. Барсақ әр жерде топ-топ болып жиналған жұрт. "Қонаев өзі келісім беріпті", "Қонаевтың ұсынысымен келіпті бұл адам" деген әр түрлі гу-гу сөз. Сұмдық кешке басталды ғой. Оны газеттерде жазып, теледидарда да көрсетіп жатыр. Кешкі асан-топырда мен жанымдағы жолдастарымнан көз жазып қалдым. Содан қашып отырып, Алматы теміржол институтында сырттай оқитын ағамның жатақxанасына келдім. Ол кісі сессияға келген еді. Ағам мені екі күн бойы жатақxанасынан шығармай қойды. Үшінші күні ғана сабаққа бардым. Ол кезде қаланың шет жағында түнде қалсаң, себепсізден-себепсіз орыс жігіттер жабылып, сабап жіберетін. 

Ұлттық мәселе ушығып тұрған шақ еді. Қалада орыстар көп. Пәтеріме төртінші күні аман жетсем, бір досым таяқ тиіп, желкесі ісіп кеткен, біреуінің қабағы көгерген. Бірақ әйтеуір бәріміз аманбыз. Соған тәуба дедік. Кейін айтып жазғандай машинамен арақ әкеліп таратқан ешкімді көрген жоқпыз. Сол кездерде автобуста орыстар мен қазақтар бір-бірлеріне жау көргендей қарап жүрді. Институтта лекцияда үрейленіп отыратынбыз. Үш әріп адамдарды лекциядан фамилияны атап, шақырып кетіп жататын. Көп жігіттер оқудан шықты. Ауыр, үрейлі кез еді. Оқуымызды аман-есен аяқтап, диплом алғанша қорқып жүрдік. Сол топтың қай жағында жүрді екенсің, бауырым Қайрат?!