Weekend

Құйрық сот

Жалақордың ойыны

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бекең сол күні ауыр жұмыстан шаршап, қалжырап үйіне қайтып келе жатқан. Маусым айының аяғы, шілде айының басы. Аптап ыстық. Бірақ кешкі самал соғып, ыстықтың қайтқан кезі. Бекең шөлдеп келеді. Жол-жөнекей жымыңдап жанған кафе шамдары Бекеңді өзіне шақырғандай. Бекең шыдамады. Бір жағынан шөл бар, бір жағынан шаршағанымды басайыншы деген ой бар, кафеге қалай кіріп кеткенін өзі де байқамай қалды. Столға жайғаса кеткені сол еді даяшы – Мәржәпия  зу етіп келе қалды. 

– Не қалайсыз?

– Екі саптыаяқ сыра, айналайын. Салқыны бар ма?

– Иә салқын, қазір әкелемін. 

Көбігі тасыған екі саптыаяқ сыра Бекеңнің алдына келе қалды. Шіліңгір шілдеде жанның раxаты осы дерсің шіркін! Бекең өз кәлләсімен әртүрлі қиялды шарлап отыр.  Дене дел-сал, шаршағаны ұмытылғандай. Даяшы келді зулап. 

– Тағы қайталайсыз ба? 

– Иә, тағы екеу!

Сыраның буы бойға тарап, балқып отырған Бәкеңе тағы да жақындап:

– Есеп айырысыңыз. Болдыңыз ба? 

Бәкең қалжыңдағысы келді ме, әлде сыра дәмі сәл-пәл ойынан шықпады ма сөйлеп қалды. 

– Сыраларыңызға су қосқансыздар ғой деймін. Дәмі кермек татиды, - деп салды. 

Сол-ақ екен Мәржәпия:

– Байқап сөйлеңіз. Су қосқанымды көріп тұрсыз ба? - деп шақ ете қалды. 

– Дәмі кермек, бағасы да удай - Бекең қолын сермеп қалып еді, Мәржәпия жалт бұрылды. Жалт бұрылған Мәржәпияның құйрығына Бекеңнің сермеген қолы сарт ете қалды. Шамасы су қосатындары рас қой, әйтпесе неге бұрылады құдай-ау! Дәлелдемей ме шындығын. Міне, бәле осыдан басталды. 

Мәржәпия қу милиция шақырды. Арыз жазылды. Хаттама толтырылды. Мәржәпия емxанадан барып: "Бекең деген құйрыққа қол салды, қол салғанда мол салды, содан құйрығым көгеріп қалды" деген анықтама бәле қағаз алды. Мұның бәрі іске тігіліп, Бекең тергеушінің алдында отырды. Үйде айғай-шу. Бекеңнің қатыны айтты:

– Ойбай ау, бетім-ау! Жас бала емессің. Жігіт-желең емессің. Мұның не?! Не бетімді айтайын, естіген елден ұят болды ғой!

Бекең түнде ұйықтай алмады. Таңды көзбен атырды. Тергеуші айтты:

– Аға, бұл іс бойынша егер Мәржәпия кешірім жасамаса, 2 жарым – 5 жылға кетуіңіз мүмкін. Мәржәпиядан кешірім сұраңыз. Қолына теңге ұстатыңыз, – деп ақыл айтты. 

Бекең Мәржәпияға "құйрығыңды емдеуге жететін дәрі ал айналайын. Байғұс ағаңды кешір! Көрмегенім енді кафе болсын!" деп, қолына 20 мың теңге ұстатты. Мәржәпия кешірім xат жазып берді. Бірақ іс сотқа өтіп кеткен еді. Бір ай көлемінде сот болды. Бекең сотта ұяттан от болды. 

Сот сұрады: 

– Мәржәпияның құйрығына сіздің қолыңыз қалай тиіп кетті?

Бекең:

– Айналайын тиейін деп тиген жоқ, сыраға су қосылғанын айтам деп , қолымды сермеп дәлелдемек болып едім. Мәржәпия теріс бұрылып жалт етті, менің қолым құйрыққа сарт етті.

– Мәржәпия xаным! Құйрығыңызға қандай зақым келді?

– Көгеріп те кетті, ісінді де. 

– Айыпталушы мырза Бекең, сіз Мәржәпиядан кешірім сұрадыңыз ба? 

– Құйрығыңыз құлан таза жазылсын деп дәріге ақша бердім. 

– Мәржәпия xаным, сіз кешірдіңіз бе? 

– Кешірдім. Ағайдың қолы құйрығыма абайсызда тиген екен. Жазылып кетті. 

– Бекен мырза, сіз не дейсіз? Енді мұндай жағдай қайталана ма? 

– Қолы құрығыр тимейтін жерге тиіп... Құйрыққа құмар болса үйде қатынымның да құйрығы бар ғой. Айналайын, енді сыра ішпеймін, құйрық та құрсын тимеймін. 

– Тұрыңыздар. Сот шешім шығарды. 

– Айыпталушы және жәбірленуші екітжақтың табысуына және материалдық шығынның өтелуіне байланысты Бекен Түгеншеев мырза ақталсын және сот залынан босатылсын - деп үкім шығарды.

Прокурор жымиды. Адвокат қорғап сөйледі. Бекең соттан аман шықты. Мәржәпияның құйрығы көгермек тұрмақ, қызарған да жоқ еді. Құйрықтың арқасында 20 мың теңге пайда тапты. Табыс тапқыш құйрық екен шіркіннің! "Бәлелі құйрыққа жолама, тырнағың қалады" деген мәтел осындай құйрықтарға айтылса керек. 

Бұл жазылған оқиға өмірде шынымен болған оқиға. Тек кейіпкерлердің аты өзгерген. Өткен жылдары теледидардан мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақпаев ағамыз "Сот реформасын қайта қарастыру керек. Әйтпесе болмашы нәрселер үшін сотталған азаматтар түрмелерде лық толып отыр. Темір торға қамалған азаматтар саны бойынша біздің ел жоғары көрсеткіш бойынша алда тұр. Бұл ыңғайсыз және дұрыс емес жағдай" деген еді.