ДАМУ

Психосинтездегі тұлғаның даму мәселесі. Ұжымдағы тұлғаның «менінің» рөлі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: depositphotos.com

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде магистранттар біршама жылдан бері міндетті «Басқару психологиясы» пәнін өтеді. Бұл пән – магистранттар үшін практикалық маңызы зор пәндердің бірі.  

Филология факультетінде бұл пәнді профессор Жұбаназарова Назираш Сулейменовна жүргізеді. Пән бағдарламасы нағыз қажетті тақырыптардан құрастырылған. Ондағы ұжымдық сана, тұлғааралық қарым-қатынас, адамның темпераменті, ұжым ішіндегі қызметтің бөлінуі, ұжымдағы басшының рөлі, міндеттері және т.б. секілді тақырыптар магистранттарға болашақта жұмыс орнында әріптестерімен жақсы қарым-қатынас жасауына, ұжыммен жұмыс жасауына, ұжымдағы құрылымды, жағдаятқа байланысты бейімделуіне, ұжымдағы жанжалдың алдын ала алуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Адамдармен жұмыс жасау кезінде ескеру керек нәрсенің бірі – әр қызметкердің даралығы. Соған сай, олардың армандарының, жеке мақсаттарының болуы. Әр қызметкердің даралығы, өзіне тән қасиеттері, ерекшелігі – барлығы ортақ ұжымдық көңіл күйге, жұмыстың нәтижелілігіне әсер етуші басты фактордың бірі. Сонымен қатар ұжымдағы әр тұлға жасы, жынысы, әлеуметтік жағдайы, отбасына және т.б. сай ерекше танылады. Л.А. Ванштейн адам жасына байланысты 6 кезеңді бастан кешетіндігін айтады. Мектеп, колледж, университеттен соң адам “қалыптасуға дейінгі” кезеңді бастан кешеді. Бұл – 25 жасқа дейінгі шақ. Бұл шақта адам білім алады, өзіне сай қызметті іздейді, таңдайды. Келесі 25-30 жас – “қалыптасу” кезеңі. Бұл кезеңде адам кәсіби қабілеттерін шыңдайды, өзіне тән даралығы, жеке ерекшеліктері қалыптасады. Одан бөлек отбасы пайда болады, жалақы алуға деген қажеттілік туындайды.  30-45 жас арасы – “даму, өсу” кезеңі болса, 45-55 жас – “жеткен нәтижелерін, білімін, тәжірибесін сақтау” кезеңі. Бұл уақытта адам өзінің жиған білімін жастармен бөлісуді мақсат етеді, шығаршамалықты қолға алып, өз ойларын тәуелсіз еркін білдіруге ұмтылады. Осы шақта өзіне және өзгеге сыйластықпен қарау толықтай орнығады. Соңғы саты – 55-60 жас арасы “аяқтау” кезеңі. Бұл кезеңде адамның биологиялық түрде күшінің азаюы, сарқылуы орын алып, адам қартаяды, өзінің кәсіби қызметін аяқтайды. Ал 65-70-тен кейінгі кезең – “қартаю” кезеңі. Осы сәтте адам болашағына үреймен қарап, өткен шақпен өмір сүреді, кәсіби қызметін толығымен тоқтатады. Демек адамның жеке бас ерекшеліктері, мінез-құлқынан бөлек жас ерекшелігі де – жұмыс процесінде тікелей әсер етеді. Сонымен қатар адамның өзін тануы, қоршаған ортаны қабылдауы тұлғаның әлеуметтік ортада өзін ұстауына, жеке тұлға ретінде жауапкершілік алуына, өзіндік “менін” қалыптастыруына ықпал етеді. Роберто Ассоджолидің психосинтезі әлемді, ондағы түрлі құбылыстарды адамның “мені” арқылы антропоцентристік көзқараста тануға ұмтылады. Ғалым адам санасын әрекеттеріне қарай 7 түрге жіктейді.

  1. Төменгі бейсаналық – адамның денесін басқаруы, түс көру, қиялдау, фобия және т.б.
  2. Орта бейсаналық – адамның өмірдегі тәжіриебелері, адам санасының дамуы және т.б.
  3. Жоғары бейсаналылық – интуиция, шығармашылық, шабыт және т.б.
  4. Саналылық – сезім, ой, өмір сүру салты, анализ, бағалау және т.б.
  5. Саналы «менді ұғыну» – адамның ішкі “менін” және іштегі тұлғаларын тануы, ажыратуы т.б.
  6. Жоғары «мен» – өмірдегі әр түрлі сәттерінде адамның өзіндік “менін” көруі, үнемі центрдегі “менді” тануы және т.б.
  7. Ұжымдық бейсаналылық – өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде саналы тануы, әлемнің тығыз қарым-қатынаста екенін ұғыну және т.б.

        Психосинтездің талдаулар адам санасының күрделілігі мен адамның бір ұғымнан тұрмайтындығы, солай бола тұра бір екені, бірегей екенін көрсетеді.

      Қорыта келе, адамның психикалық күйі жұмыстың нәтижесіне және жұмыс орнында ұжыммен жұмыс жасауға әсер ететін білдік. Сондықтан адамның өзін тануы, әлемді тануы ізгіліктен туса дейміз.

 

Жубаназарова Н.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

психология ғылымдарының кандидаты, профессор

Тленшиева Н.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

Исенбай М.Қ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультетінің 1 курс магистранты