БІЛІМ

Түркі халықтарының бауырластығы нығаяды: Алматыда "Түрксой" медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Түрксой" медиа білім беру және зерттеу орталығы ашылды. 

Медиа орталық 20-23 қараша аралығында өтіп жатқан "Түркі дүниесі жастары" атты форум аясында іске қосылып отыр. Орталық түркітілдес халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, мәдени және ғылыми ынтымақ аясын кеңейту мақсатында жұмыс істейді. Іс-шара Алматыда алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл басқосу үш күнге созылды. Оған АҚШ, Румыния, Қырғызстан, Моңғолия, Болгария, Түркия, Әзербайжан секілді әлемнің 25 елінен 200-ге жуық өкіл қатысты.

"Түркі әлемінің медиа өкілдерін жұмылдыратын орталықта ғылыми-практикалық дөңгелек үстел, конференция, баспасөз мәслихаты, ғылыми-әдістемелік мәжілістер ұйымдастырылады. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форум аясында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жастар саясатын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттыру, мәдени, ғылыми ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған", – деді ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова.

"Түріксой" медиа орталығының ашылуына Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм вице-министрі Сердар Шам, Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки қатысып, лентасын қиды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының доценті Иманалиев Жалғас