Bugin
Фото: Bugin.kz
Қазақ өнерінің қара шаңырағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында тағы да бір айтулы мерейтой кеші өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Өнер ордасының 89-жылдық тарихында есімдері алтын әріппен жазылған дара тұлғалар қызмет атқарған. Соның бірі де, бірегейі Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, бұлбұл әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегенова. Қазақтың бұлбұлы киелі шаңырақта өткен өзінің өнер жолында филармония ән репертуарының баюы мен дамуына еселі үлесін қосып, шығармашылықтың шыңына шығып, мемлекеттік марапаттың көбіне қол жеткізген. Ғибратты ғұмыр иесі, ұлт мақтанышы Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейлі той қарсаңында қара шаңырақта әншінің шығармашылығына арнап, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрінің Бибігүл Төлегенованың шығармашылығына арналған концерті өтті.