Bugin

Елордадағы сотқа дейінгі татуласу орталығы немен айналысады?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Mediation center Astana

Астанадағы “Татуласу орталығы” 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта отбасылық мәселеден бастап, барлығы қаралады. Медиатор мамандары сотқа жеткізбей ортақ шешімге келуге көмектеседі. Тараптардың өзара қарым-қатынастарын реттеп, дау-дамайларды бейбіт түрде шешу жолдарын ұсынады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Медиация — бұл нейтралды делдал (медиатор) тараптарға өзара тиімді шешім табуға көмектесетін процесс. Бұл әдіс дауларды шешуде тиімді, өйткені тараптардың өзара түсіністігін арттырады.

Медиация қандай мәселелерді шешеді?

Медиация қоғамдағы көп кикілжіңді, түсініспеушілікті шешеді. Оған келесі салалардағы даулар жатады:

  • Отбасылық даулар: ажырасу, мүлікті бөлу, баланы қамқорлыққа алу мәселелері.

  • Еңбек даулары: жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келіспеушіліктер.

  • Коммерциялық даулар: серіктестер арасындағы келіспеушіліктер, келісімшарттарға қатысты мәселелер.

  • Көрші және қауым ішіндегі даулар: көршілер арасындағы, жергілікті қоғамдастықтағы келіспеушіліктер.

  • Халықаралық және мемлекетаралық даулар: ымыралы шешім табу маңызды болатын жағдайлар.

Медиацияның қандай артықшылықтары бар?

• Уақыт пен қаражатты үнемдеу: Сот процестерінен жылдам шешіледі.

• Конфиденциалдылық: Барлық талқылаулар тараптардың арасында ғана қалады.

• Қолайлы: Екі тарапқа да сәйкес келетін, қолайлы болатын шешім табу мүмкіндігі бар. 

• Қолдау және түсіну: Қарым-қатынасты қалпына келтіруге көмектеседі.  

Астанадағы “Татуласу орталығында” білікті медиатор мен психологпен консультациялар жиі өткізіліп тұрады. Орталықтың басшысы, кәсіби медиатор Бекішева Роза Мухамедьярқызы медиаторлар оқу орындары мен ұйымдарда семинар, тренинг және дөңгелек үстел ұйымдастырып жүргенін айтады.

“Медиациялық келісім туралы түсіндіру жұмыстары айтарлықтай қарқынды жүріп отырады. “Татуласу орталығы” 3 жылдан бері жұмыс істейді. Орталықта келушілерге тегін қызмет көрсетіледі. Осы уақыт ішінде 300 адамды қабылдадық. Оның ішіндегі 18 адам жұптарымен қайта татуласты. Біздің медиаторлар әр қатысушымен жеке кеңес өткізіп, мәселені талқылайды. Олардың барлық сұрағына жауап беріп, өмірлік тәжірибелерін бөлісуге тырысады”,— дейді Роза Бекішева.


Орталықтың басшысының айтуынша, медиатор негізі шешім шығармайды және ешқандай тарапты жақтамайды.

“Медиатордың міндеті – диалог пен тиімді шешім іздеуге жағдай жасау. Оның негізгі мақсаты – әділдікті қамтамасыз ете отырып, тараптарға келісімге келуге көмектесу. Соттан айырмашылығы – медиация қатынастарды дұрыстауға, қайталанған құқықбұзушылықтардың алдын алу, жаза тағайындау емес. Бұл үдеріс ерікті және құпия түрде жүргізіледі”, — деп түсіндірді Роза Бекішева. 

Фото: Mediation center Astana 

Фото: Mediation center Astana