Bugin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН ШАНШАР

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Отырар аудандық мәдениет үйінде елімізге белгілі «Шаншар» әзіл-сықақ театрының 30 жылдық мерейтойына арналған концерті өтті. 1994 жылы құрылған өнер ұжымының астарлы әзілін, уытты қойылымдарын тамашалауға келгендердің қатары қалың болды. Театр актерлері қоғамдағы түрлі келеңсіз жағдайларды әзілге айналдырып, жиналғандардың езуіне күлкі үйірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік кешке аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы барып қатысып, құттықтау лебізін жеткізді.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Дарынды ұжымдарыңыздың арқасында театр сахналарында мазмұны бай, мағынасы терең туындылар ұсынып қазақ халқының қуаныша себепші болып келесіздер. Бұл шын мәнінде көрермендердің сүйікті театры. Сонау 1994 жылдан бастап «Шаншар» сықақ театрының көшін бастап, барша қазақтың жоғын жоқтап, халық көкейіндегі келелі проблемалардың шешілуіне әдемі әзілмен жол тауып, халыққа күлкі силап жүретін сіздерге барша отырарлықтардың атынан айрықша алғыс айтамын. Қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар. Осынау игілікті істе қанаттарыңыз талмасын, қажыр-қайраттарыңыз қашанда арта берсін», - дей келе, сатираның қос саңлағы атанған отырарлық Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Концерт барысында «Шаншар» әзіл-сықақ театрының өнерпаздары әзілмен өрілген қойылымдарын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жаңа бағдарлама бойынша өнер көрсеткен театр мүшелері аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді. «Шаншар» әзіл-сықақ театрының басшысы У.Әбдірайымов отырарлық жерлестерінің ыстық ықыласы мен ерекше қошеметіне шынайы ризашылығын білдірді. Бұған дейін өнердегі алғашқы еңбек жолын Отырар ауданындағы мәдениет үйінің директоры болып бастағанын айтып, киелі топырақтан әлі талай дарынды азаматтардың шығатынына сенім білдірді.

Астарлы әзіл, ой саларлық қалжыңымен көрерменнің жүрегінен жол тауып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген театрдың кешіне келген өнер сүйер қауым қимастық көңілмен тарқасты.