Weekend

Мектептегі бір ай

Бекеннің өмірінен

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бекен мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып орналасты. Бұл үшін мектеп директорына 500доллар ақша беруге келісіп, 300 долларын беріп, қалғанын біраз уақыттан кейін беретін болды. Сол 300 доллады да бір туысынан жалынып жатып қарызға сұрап алды. Енді қалған 200 долларды кімнен алмақ? Айлық – 50 мың теңге шамасында.

Бекеннің міндеті аптасына жоғары сыныптарға берілетін екі күндік сабағынан басқа, мектептегі тәртіпке жауапты. Үзілістерде балалардың шуламауын, бұзықтық жасамауын қадағалау. Былайша айтқанда мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары. Мектеп мұғалімдерінің үзілісте, сабақ аяқталғанша кезекшілігін ұйымдастару және қадағалау да Бекеннің міндеті. Бұл жұмыстарға Бекен белсене араласып кетті. Кейбір сабақтарға қатысқысы келмеген балалар дәретxана жақта тығылып жүреді екен. Бекен оларды біраз қуалап жүріп, тәртіпке келтірді.

Осы мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін бір жігіт бар. Есімі – Қапар. Жасы қырықтан асып қалған, самайын қырау шалған жігіт ағасы. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының көркемсурет графика факультетін бітірген. Және де қызыл дипломмен аяқтаған.

Мектеп мұғалімдерінің әртүрлі плакаттарын, көрнекі құралдарын, сызуларын осы Қапар істеп береді. Тіпті мектептегі жаңадан ашылған ауыл мұражайын да басынан аяғына дейін безендіріп, суреттерін салып, бітірген осы Қапар. Қапардың еңбегі зор. Бірақ алатын айлығы аз. Мұның алатын айлығы 30 мың теңге шамасында. Жолға ақшаны ылғи да біреуден қарыз сұрап жүреді. Қапардың айтуы бойынша оның суреттері Қарағанды вокзалында мозаика ретінде бейнеленіп тұр. Осы аудан орталығындағы стадионның кіре беріс аллеясындағы портреттер Қапардың еңбегі. Қабілетті азаматты неге көтермеске? Айлығына жөнін тауып неге қосымша ақы төленбейді?

Мектеп жанында дүкен бар. Азық-түлік , кеңсе тауарларын сатады. Мұғалімдерге айлықтың есебінен деп, қарызға сұрағаныңды бере береді. Қапар тұрмыс қиындығынан, өз еңбегініңтбағаланбауына күйзеле ме, әйтеуір осы дүкенге жаздырып қойып ащы су алып ішеді. Ішкенге жолдас табылады, әрине. Қапардың кабинетіндегі тумбочка ішінде күнде аузы ашылған бір бөтелке арақ тұрады, тіске басары тағы бар. Айлығының 5-6 мың теңгесі осы  арақ алған қарызына кетеді. Мұны мектеп директоры да біледі. Арақ ішетін болған соң қызметін көтермейді де, жұмыстан шығармайды да. Себебі, мектептегі алуан түрлі жазу-сызулар үшін, безендіру жұмыстарына Қапар әбден керек-ақ. Ендеше ішсе ішсін, жүре берсін. Қапардың да өмірі осылай өтіп жатыр. Тіпті, Қапар бұл өмірге көндігіп кеткен. Ешкімге арызданғысы да келмейді. Осы өмірі өзіне ұнайтын сияқты.

 Бекен де өз сабақтарын өткізіп, мектепте жүріп жатты. Бекен теxникалық жоғары оқу орнын бітірген, мамандығы мұғалім емес, педагогикалық дипломы және еңбек өтілі жоқ. Айлық төменгі категориямен төленеді. Тек әскери шені - запастағы капитан. Бір күні мектеп директоры каюинетіне шақырды.

– Жақында аудандық білім бөлімінен облыстық уәкілі бар квалификациялық комиссия келеді. Сенің енді сол комиссиядан өтуің қиын болайын деп тұр. Пединституттардың біріне сырттай оқуға түсіп алсаң жақсы болар еді. Ондай мүмкіндігің бар ма?

– Әзірше жоқ аға. Ендігі жылы болмаса...

– Онда РайОНО-да таныстарың бар ма?

– Ол да жоқ.

– Қиын болып тұр. Жарайды керек болсаң шақырам - деді директор. Директормен болған әңгіме жайлы Қапарға айтып еді, ол:

– Әй, ол кісі бірнәрсе дәметіп отыр. 20-30мың  теңге бер, бәрі реттеледі. Мен бұл жүйенің бәрін білемін, – деді Қапар.

Айлық 50 мың болса, қалай 30 мың береді. Директордың өзіне әлі 200 доллар беру керек. Бекеннің басы қатты. Қапармен бірге ащы судың дәмін татып, іштегі шерді тарқатты.

Бір күні директор тағы шақырды.

– Бала, не болды? Комиссияны не істейміз?

– Аға жөні келетін емес.

– Онда сен осы айдың аяғына дейін жүре тұр. Сенің орныңа пединституттың әскери дайындық факультетін бітірген, спорт  шебері, бір жас жігіт келіп тұр. Соны аламыз. Ал бергеніңді өзіңе қайтарамын , – деді директор.

Директор сөзінде тұрды. Бекеннің бергенін өзіне қайтарды. Сөйтіп Бекеннің мектептегі бір ай қызметі де аяқталды. Мектептегі балаларға, көллективке біраз үйреніп қалғандай сияқты еді. Қимағандай болды.

Мектеп дәліздерінде "сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ", "жемқорлық қоғамның ауру" деген Қапар жазған жазулар  ұрандап тұр. Тек ұрандап тұр.