САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: freepik
Мәжіліс «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрестегі мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Келісімге 2022 жылғы 14 қазанда Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойған.
Құжат аясында сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету, бірлескен жедел-іздестіру шараларын жүргізу, күдіктілерді ұстау және экстрадициялау мәселелері қарастырылған. Сондай-ақ, жемқорлық жолымен алынған кірістерді іздеу және қайтару бойынша мемлекеттер арасында өзара іс-қимыл орнату маңызды бағыттардың бірі болмақ.
Келісім аясында арнайы ақпараттық жүйелер құру мүмкіндігі де қарастырылған.
Алайда заң белгілі бір шектеулермен қабылданды.
"Әрбір ТМД мемлекетінің өз мүддесі бар, және біз ең алдымен өз азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз. Бұл келісім банк, коммерциялық және салықтық құпияға қатысты мәліметтерді қамтиды. Сондықтан біз мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне қайшы келетін ақпаратты ұсынбаймыз. Ал біздің ұлттық мүдделерімізге әсер етпейтін жағдайларда, мәліметтер заңнамаға сәйкес беріледі", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.