ҚОҒАМ

Сарыағашта орталық қызметкері ерекше балаға қол көтерген

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: видео кадры

Түркістан облысы, Сарыағаш қаласындағы жекеменшік “Ақылды бала” коррекциялық орталығында ерекше күтімді қажет ететін 13 жастағы балаға қатысты өрескел әрекет тіркелді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

“Әділ кәсіподақ” ұйымының мәліметінше, даун синдромы бар Жақыбай Еркебұлан есімді жасөспірімге орталықта сабақ барысында күш қолданған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада орталықта арт-терапевт қызметін атқаратын Марлен есімді азамат баланы аяғынан тартып, бұрышқа сүйреп апарып, қол жұмсағаны анық көрінеді.

Еркебұланды сабақтан алып кетуге келген анасы Гүлжаухар Жорабекованың айтуынша, баласы қатты шошынып, жылап: “Ағай мені ұрды. Қатты қорқып кеттім, жүрегім ауырып жатыр…” деген.

Айта кетейік, Еркебұлан бұған дейін жүрекке екі мәрте ота жасатқан. Осы жайтқа алаңдаған кәсіподақ ұйымының өкілдері: “Егер сол сәтте жүрегі тоқтап қалса, жауапты кім болар еді? Біз бұл мәселеге көз жұмып қарай алмаймыз”, – деп мәлімдеді.

Оқиғаға қатысты Түркістан облысының білім басқармасы да түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, бейнематериалда көрінген маман – педагог емес, арт-терапевт. Ол орталық басшылығы тарапынан жұмыстан босатылған.

Қазіргі таңда балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулығы тұрақты. Еркебұлан сабаққа барып жүр.