САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде оның алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерін нақтылап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бірінші міндет – өңірлік жұмысты күшейту
Президенттің айтуынша, Ассамблея өңірлердегі қызметін жандандыруы тиіс. Бұл бағытта жаңа Достық үйлерін ашу жоспарланып отыр.
"Былтыр Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай орталықты халқы тығыз орналасқан Алматы облысында да салу керек. Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов сынды этностар тығыз тұратын аудандарда Ассамблея өкілдіктерін ашқан жөн. Сонымен бірге басқа да аймақтық орталықтарда Достық үйлері бой көтереді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл бастамалардың қоғамдық келісім инфрақұрылымын кеңейтуге сеп болатынын атап өтті. Сондай-ақ, Достық үйлерін туристік нысандар картасына енгізу қажеттігін айтты.
"Елдесу және татуласу" жобасының ауқымын кеңейтіп, алдағы екі жылда оны бүкіл елге тарату қажет. Үкімет пен әкімдер бұл бастамаларды саяси жұмыстың ажырамас бөлігіне айналдыруы тиіс", – деді Тоқаев.
Екінші міндет – ақпараттық кеңістіктегі бірлік идеясын насихаттау
Президент Ассамблея құрылымдарының, соның ішінде журналистер клубының жұмысына ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
"ҚХА жанындағы журналистер клубына танымал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, олардың жұмысын жүйелеу керек. Өңірлерде этнос тілінде ақпарат тарататын БАҚ-тарға тұрақты қолдау көрсетілуі тиіс", – деді ол.
Үшінші міндет – мәдениет пен өнерді бірлікке қызмет еткізу
Президенттің айтуынша, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің мүмкіндігін толық пайдалану қажет.
"Қазақстанда Пушкин, Шевченко, Достоевский, Шолохов сынды тұлғалардың музейлері бар. Бұл – ел мәдениетінің маңызды бөлшегі. Олардың экспозицияларын Астана мен Алматыда көрсету – көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Этномәдени бірлестіктердің жеке этнографиялық және өнер топтамалары да ұлттық мұраға айналуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Алматыда Ассамблеяның 30 жылдығына орай этностар театрларының фестивалін өткізу идеясын ұсынды. Сонымен бірге, техникалық мамандарды – жарық, дыбыс, декорация саласы бойынша – даярлау қажеттігін де тілге тиек етті.
"Наталья Дубс ханымның бұл бастамасы өте орынды. Бұл бағытты зерттеп, іске асыруға күш салуымыз қажет", – деді Тоқаев.
Осылайша, Президент Ассамблеяның ел ішіндегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы рөлін жаңа деңгейге көтеруді тапсырды.