САЯСАТ

Бай-бағландардан қайтарылған активтер қайда жұмсалатыны белгілі болды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Коллаж: kursiv.media

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйелерін салуға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңсыз иемденілген активтерді қайтару арқылы әлеуметтік маңызды инфрақұрылым нысандарын құруды қолға алған.

Ақмола облысының Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді. Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 миллион теңге бөлінген. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін, қала халқының 100%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі.

"Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тартылды. Жалпы желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарлануда. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген, бірақ ресми мәліметтер бойынша бүгінгі таңда Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қала бас жоспары бойынша, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асуы мүмкін", - деп хабарлады жауапты органдар.

Макинск қаласында су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту жоспарланып, қазіргі таңда 45 шақырымнан астам жұмыс аяқталды. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 миллион теңге қаланы толық орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Макинск қаласының тұрғындары 18 мың адамды құрайды.