Bugin

Шетелдік маркетплейстер салықтан жалтарса — бұғатталуы мүмкін: Қазақстан ҚҚС бойынша жаңа талаптар енгізіп жатыр

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстанда шетелдік онлайн-платформаларға салық салуға қатысты қатаң шаралар қолға алынуда. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген ресми жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап Apple, Amazon, Alibaba, Netflix, TikTok, Google сынды 105 шетелдік компанияға қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу міндеттелген.

Алайда жаңа Салық кодексінің жобасында бұл талаптар нақтылай түсіп, шетелдік маркетплейстерге салық міндеттемелерін орындамаған жағдайда, олардың веб-сайттарын бұғаттау тетіктері қарастырылған.

— Егер компания ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмесе немесе анықталған заңбұзушылықтарды жоймаса, оған техникалық шектеу шаралары қолданылуы мүмкін, — деді Жұманғарин.

Шенеуніктің айтуынша, мұндай платформалар Қазақстанның заң талаптарына бағынбайды, сондықтан оларды отандық кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға міндеттеу мүмкін емес.

ҚҚС түсімдері жыл сайын артып келеді:

  • 2022 жылы – 10,4 млрд тг
  • 2023 жылы – 24,3 млрд тг
  • 2024 жылы – 35 млрд тг
  • 2025 жылғы 1 наурызға дейін – 13,3 млрд тг

Сонымен бірге, сырттан әкелінетін тауарлар бойынша 200 еуро мен 31 кг шегіндегі бажсыз сауда лимиті Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде реттеліп келеді. Оның өзгерісі тек ЕАЭК шешімімен мүмкін болады.

Бұған дейін Е-коммерцияны дамыту үшін электрондық саудамен айналысатын компанияларға корпоративтік және жеке табыс салығынан босату түрінде жеңілдіктер берілген болатын. Алайда бұл қолдау 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жойды. Енді жаңа Салық кодексі аясында салаға қолдаудың өзге тәсілдері — инфрақұрылымды жақсарту мен интернетке қолжетімділікті арттыру қарастырылып жатыр.