МӘДЕНИЕТ

Үкімет әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереялар мен ұтыс ойындарын бақылауды күшейтеді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Иллюстрациялық фото: Gabby Jones/Bloomberg/Getty Images

Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылатын заңсыз лотереялар мен ұтыс ойындарына қатысты Үкімет қадағалауды күшейтпек. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бұған дейін әлеуметтік желілерде коуч, инфлюенсер атын жамылғандар тарапынан күмәнді лотереялар мен жалған акциялардың көбейіп кеткенін айтып, мәселе көтерген болатын. Алаяқтар әлеуметтік желілерде түрлі сыйлықтар мен бағалы заттар, тіпті автокөлік пен жылжымайтын мүлік ойнатамыз деп жар салып, заңсыз лотереялар ұйымдастырады. Мұндай әрекеттер көбіне билік тарапынан тіркелмей, көлеңкеде қалып жатады.

Серік Жұманғариннің айтуынша, қазір халыққа және блогерлерге заң талаптарын түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шаралар “Заң және тәртіп” медиа-жоспары аясында іске асырылуда. Оның аясында заңсыз лотереялар, күмәнді тренингтер мен жалған акциялардың алдын алу көзделген.

Мәдениет және ақпарат министрлігі TikTok, Instagram және Meta платформаларымен бірлесе отырып, интернет алаңын заңсыз контенттен тазартуға күш салуда. Цифрлық кеңістік тәулік бойы бақылауда. Қажет болған жағдайда құқық бұзушылықтарға жедел шаралар қабылданып келеді.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың басынан бері интернеттегі алаяқтықтың 1 870 дерегі тіркелген. Соның ішінде 389 жағдай әлеуметтік желілерде орын алған. Сонымен қатар 1 480 сайт пен сілтемеге қолжетімділік шектелді. Ал интернет-казиноға қатысты 8 616 құқық бұзушылық анықталып, оның 6 399-ы әлеуметтік желілерде тіркелген. 2 195 ресурс бұғатталған.

Айта кетейік, “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңға сәйкес, Қазақстан аумағында лотереяны тек арнайы лицензиясы бар операторлар ғана өткізе алады. Лицензиясыз лотерея ұйымдастыруға және оны жарнамалауға тыйым салынған. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар да тек лицензия негізінде, 10 жылға дейінгі мерзімде қызмет көрсете алады.

Сондай-ақ заң бойынша, инфлюенсер — бұл интернет-платформада коммерциялық ақпарат тарататын қолданушы. Қазақстан аумағында олар да заң талаптарын сақтауға міндетті.