ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Zakon.kz
Ұлттық статистика бюросы 2024 жылы қазақстандықтардың табысын қайда жұмсайтыны жөнінде мәлімет таратты. Сарапшылардың айтуынша, халықтың табысы өскен сайын шығыны да бірге артып келеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Ең назар аударарлық тұс – тұрғындардың табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсауы. Бұл құбылыс халықтың қанағатсыздығын емес, керісінше, күнкөріс деңгейінің төмендігін және инфляцияның әсерін аңғартатындай.
Бюро мәліметінде көрсетілгендей, азаматтар табысының 50,6%-ын азық-түлікке, 22,4%-ын азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 18%-ын ақылы қызметтерге, ал небәрі 6,6%-ын несие мен қарыз өтеуге жұмсайды. Әсіресе Маңғыстау мен Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш жоғары — тұрғындар табысының 59,6%-ын тамаққа шығындайды екен.
Бір қызығы, статистикада жан басына шаққандағы жылдық орташа табыс 1 328 907 теңге деп көрсетілген. Бұл ретте бір адам жылына 627 427 теңгесін азық-түлікке, яғни ай сайын шамамен 56 035 теңге жұмсайды. Ал қарызға кететін ақша – жылына 87 707 теңге (айына шамамен 7 309 теңге). Алайда бұл сандар қоғамдағы нақты көріністі толық ашып тұрған жоқ. Себебі тұтынушылық несие көлемі артып жатқанда, халықтың несиені мұндай аз мөлшерде төлеуі шындыққа жанаса бермейді.
Тағы бір назар аударарлық жайт – ресми мәліметтер жиі орташа табысқа сүйеніп есептеледі. 2024 жылдың соңғы тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 434 982 теңге. Бірақ медианалық жалақы бұдан әлдеқайда төмен – 309 мың теңгеге жуық. Яғни, халықтың басым бөлігінің айлығы орташа көрсеткіштен төмен. Мәселен, айына 160 мың теңге азық-түлікке жұмсайтын отбасы үшін бұл сома табыстың жартысынан асып кетеді.
Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, бұл жағдай қазақстандықтардың қаржылық тұрақсыздығын көрсетеді.
– Азық-түлік шығыны халықтың жалпы өмір сүру деңгейінің басты көрсеткішіне айналған. Ресми орташа табысты есепке алсақ, бәрі орынды көрінуі мүмкін. Бірақ нақты жағдайды көргіңіз келсе, медианалық табысқа қарау керек. Сонда ғана халықтың шынайы экономикалық бейнесі ашылады, – дейді ол.
Тағы бір елеулі фактор – азық-түлік себетінің құрылымы. Finprom зерттеушілерінің мәліметіне сүйенсек, азық-түлікке кеткен шығынның үштен бірі етке жұмсалады. Әр адам ай сайын шамамен 7 келі ет тұтынады десек, оның бағасы 2,5 мың теңгеден есептелсе, бір адамның айлық ет шығыны 17,5 мың теңгені құрайды.
Қорыта айтқанда, азық-түлікке жұмсалатын шығын көлемі халықтың күнделікті күресін көрсетіп отыр. Көрнекі сандардың тасасындағы шындық – қазақстандықтардың өмір сапасы тұрақты емес, ал ресми деректер қайта қарауды қажет етеді.