САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" компаниясы мен қытайлық CNOOC "Жылыой" жобасын іске асыру шарттары туралы келісті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Астанада "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және CNOOC компаниясының Ресей мен Орталық Азиядағы жобалар жөніндегі бас менеджері Лю Бо бірлескен қызмет туралы және қаржыландыру туралы келісімдерге қол қойды.
Компаниялар бір-бірін стратегиялық серіктестер деп танып, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінің транзиттік аймағында "Жылыой" жер қойнауын қалай пайдаланатыны туралы уағдаласты.
Айта кетері, CNOOC Қазақстанға алғаш рет инвестиция құймақшы. Компания оны геологиялық барлау жобаларынан бастап отыр.
"Жобаны екі тарап 50/50 жүзеге асырады, яғни тең атқарады. Барлау кезеңін Қытай тарапы қаржыландырады", - делінген "ҚазМұнайГаз" хабарламасында.
Жоспарланған геологиялық барлау жұмыстарының минималды жұмыс бағдарламасы:
3D сейсмикалық барлау (далалық жұмыстар, өңдеу және түсіндіру 400 шаршы км);
тарихи деректерді қайта өңдеу 2D (400 сызықтық км);
тереңдігі 2000 м бір тұз үсті барлау ұңғымасын бұрғылау (тәуелсіз кезең):
алынған 3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне байланысты тереңдігі 4500 м бір тұз астындағы барлау ұңғымасын (тәуелді кезең) бұрғылау.
CNOOC (China National Offshore Oil Corporation) - барлау мен өндіруге маманданған мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.