ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Shutterstock
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің Telegram мессенджеріндегі боттар арқылы азаматтардың жеке деректерінің таралуына қатысты алаңдаушылығына жауап берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ведомствоның мәліметінше, халықтың жеке ақпаратын жариялайтын Telegram-боттарға арнайы сараптама жүргізілген. Нәтижесінде бұл боттардың қолданып отырған дереккөздері негізінен бұрын жарияланып кеткен ескі мәліметтер базасы, ашық интернет ресурстары және GetContact секілді үшінші тарап платформаларынан алынғаны анықталған. Айта кетейік, Қазақстан аумағында GetContact-қа кіру шектелген, себебі ондағы мәліметтер ел заңнамасына қайшы деп танылған.
Тексеру нәтижесінде анықталған ресурстардың сілтемелері тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, заңға сәйкес шаралар қабылдау тапсырылған. Бұған дейін де осындай сипаттағы 30-дан астам Telegram-боттың жұмысы тоқтатылған болатын.
Министрлік азаматтарды жеке деректеріне сақ болуға шақырып, мұндай күмәнді сервистерді қолданбауға кеңес берді. Сонымен қатар, жеке ақпаратты ашық интернетте жарияламау қажеттігін ескертті. Ведомство құқық қорғау органдарымен бірлесіп, азаматтардың деректерін қорғау және жалпы цифрлық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Telegram желісінде қазақстандықтардың ЖСН-і, мекенжайы, телефон нөмірі және отбасы мүшелері туралы мәліметтерді оңай табуға мүмкіндік беретін боттың пайда болғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған болуы мүмкін.