МӘДЕНИЕТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Ұлттық банк
Қазақстан Ұлттық Банкі 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жаңа мерейтойлық банкнотаны айналымға енгізеді. Номиналы 1 000 теңге болатын бұл ерекше ақша белгісінің таралымы 5 миллион данамен шектелмек, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Банкнотаның дизайны терең мағыналы символикаға толы. Екінші бетінде Қазақстан картасы тарихи мұрағаттардан алынған фотосурет үзінділерімен бірге бейнеленген. Сонымен қатар батырлық пен табандылықтың белгісі ретінде Отан соғысы ордені де көрініс тапқан.
Сондай-ақ ел астанасындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы бейнеленген. Бұл – Отан үшін жанын қиған ерлерге көрсетілген құрметтің көрінісі.
Банкнотаның қорғаныс элементтері де назар аудартады. Микро-оптикалық жолақты әр түрлі бұрыштан қарағанда үш өлшемді әсері бар тереңдік пен жылтырлық байқалады. Сонымен қатар, мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар бейнесі көрінеді. Бұл тырналар – өмірдің, үміт пен жақсылықтың символы.
Ұлттық Банк хабарлағандай, жаңа банкнота Қазақстан аумағында заңды төлем құралы болып табылады. Ол барлық төлем түрі бойынша қабылданады, банктік шоттарға салынып, кез келген банк арқылы аударылып немесе ұсақталуы тиіс.