ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: gov.kz
Қазақстан Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп отыр. Жыл басынан бері ведомство тарапынан жүргізілген шаралар нәтижесінде 3 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық дерегі анықталған. Оның ішінде 828 жағдай – есірткі сату фактісі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 3,5 тоннаға жуық есірткіні тәркілеген. Атап айтқанда: 259 кг синтетикалық заттар, шамамен 2 тонна марихуана, 303 кг гашиш.
Сонымен қатар 83 есірткі зертханасы жойылып, 6 тоннаға жуық прекурсор алынды. Есірткі тасымалдаумен айналысқан 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контент таратқан 11 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын 12 мыңға жуық банк картасы мен есепшоттың қызметі тоқтатылды.
Барлығы 1783 күдікті ұсталып, соның 669-ы қамауға алынған. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан мәлімдеді.
Оның айтуынша, сәуір айында бірнеше ірі операция сәтті өткен. Мәселен, Қосшы қаласында ұсталған Ақмола облысының тұрғынының көлігінен 6,5 келі a-PVP синтетикалық есірткі табылған. Артынша жүргізілген жедел іс-шаралар кезінде Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше тұрғыны қолға түсті – олардан тағы бір келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, елордада ұсталған Ақтөбе облысының тұрғынынан 2,5 келі синтетикалық есірткі алынды.
"Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіге қарсы күрес бағытындағы жұмыс әрі қарай жалғасады", – деді Данияр Мейірхан.