САЯСАТ

“Астана LRT” компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

 

“Астана LRT” ЖШС-нің экс-басшысы Талғат Ардан Түркия аумағында ұсталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Ведомствоның хабарлауынша, 2019 жылдың қыркүйек айында Бас прокуратура Талғат Арданды экстрадициялау туралы сұранысты Түркияның Әділет министрлігіне жолдаған. Осыған байланысты Түркияның құзырлы органдары іздестіру шараларын жүргізе бастаған.

“2024 жылы ҰҚК Арданның нақты жүрген орнын анықтап, кейін Түркия құқық қорғау органдары оны Анталья қаласында ұстады”, – делінген сейсенбі күні таратылған хабарламада.

ҰҚК таратқан мәліметке сәйкес, 9 мамырда Анталья қаласының соты оны Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Қазіргі таңда Ардан қамауда отыр. Оны елге қайтару бойынша құқықтық рәсімдер басталып кеткен.

Еске салайық, 2022 жылы 24 тамызда Арданның адвокаты сотта қорғауындағы азаматпен байланыса алмай жүргенін мәлімдегенін жазған. Ал 26 тамызда Астана қаласының экс-әкімінің орынбасары, бұл іске қатысты тағы бір фигурант – Қанат Сұлтанбековтің қорғаушылары істі прокуратураға қайтаруды сұраған. 27 тамызда Дәурен Абдихамитовтың адвокаты – Хамида Айтқалиева да осындай өтініш білдірген.

2022 жылдың 31 тамызында аталған іске қатысты тұлғаларға айыптау актісіз сот процесі басталғаны хабарланған. Ал 2023 жылы 3 мамырда Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке қатысты сот үкімі шығып, олар 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Айта кетейік, “Астана LRT” ісі – астанадағы көлік инфрақұрылымын дамыту жобасына бөлінген қаржының талан-таражға түсу фактілері бойынша қозғалған атышулы қылмыстық іс. Бұл жоба шеңберінде бірнеше лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды.