ҚОҒАМ

Ақтауда балаларға тегін балмұздақ таратқан кәсіпкерге айыппұл салынды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: видеодан скриншот

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні халыққа тегін балмұздақ таратқан ақтаулық кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Балалар киімін сататын дүкен иесі Роза Рымбаева мереке күні балаларға тегін балмұздақ таратуға шешім қабылдаған. Алайда бұл қайырымдылық акциясы тәртіпсіздікке ұласқан. Балмұздаққа балалардан бөлек, ересектер де жаппай кезекке тұрып, бір-бірімен жарыса бастады. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды.

Ақтау қалалық әкімдігі бұл шараның жергілікті билікпен алдын ала келісілмегенін айтып, кәсіпкерге айыппұл салды.

"Іс-шара жергілікті әкімдікпен келісілмеген. Сол себепті дүкен иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-1-бабы бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды", – деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Желі қолданушылары бұл жағдайға әртүрлі көзқарас білдірді. Бірі – халықтың өз-өзін ұстай алмауын сынаса, енді бірі – биліктің кәсіпкерге тым қатал шара қолданғанын айтып, наразылық білдірді.