САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: ІІМ
Алматыда кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, заңсыз "қорғау" қызметін ұсынған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері әшкереленді. Тергеу мәліметінше, олар жеке күзет мекемесінің атын жамылып, шағын және орта бизнес өкілдеріне күш көрсетіп, ойын-сауық нысандарын өз бақылауына алуға тырысқан.
"Олар бизнес нысандарын күшпен басып алып, өздерін қауіпсіздік қызметін көрсетуші ретінде көрсеткен. Топ мүшелері Алматы қаласымен қатар Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталды. Барлығы 20 адам қамауға алынды. 40-тан астам тінту жүргізіліп, жеті атыс қаруы тәркіленді. Оның ішінде кесілген үш мылтық, Макаров тапаншасы, Калашников автоматы және 100-ден аса оқ-дәрі бар", – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оларға бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, денсаулыққа қасақана зиян келтіру және өз бетінше билік жүргізу баптары бойынша іс қозғалған.
Қазіргі уақытта қылмыстық топты құрды, басқарды және оның құрамында болды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.