ҚОҒАМ

Сотталғандардың туыстары Шерзаттың әкесіне айып тағуды талап етті: Бас прокуратура не дейді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Иллюстрация: Mila Grabowski / Медиазона

Талғардағы жасөспірім Шерзат Болаттың қазасына байланысты қылмыстық іс қоғамда резонанс тудырып, сотталғандардың туыстары марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовты да жауапқа тартуды талап етті. Бұл мәселе бойынша Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

2024 жылдың қарашасында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты бірнеше адам қамауға алынды. Сотталғандардың жақындары сол кезде мәлімдеме жасап, қайғылы оқиғаға Шерзаттың әкесі мен ағасының әрекеттері себеп болды деп есептейтіндерін жеткізген еді. Олардың сөзінше, дәл осы отбасы мүшелері атыс қаруы мен пышақпен келген, бұл жағдай қақтығысты өршітіп жіберген.

Жақында сот үкімі шыққаннан кейін айыпталушылардың туыстары тағы да бейнеүндеу жасап, марқұмның туыстарына қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етті.

Аталған талапқа қатысты журналистер Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевке сұрақ қойды. Ол бұл мәселе бойынша нақты құқықтық ұстаным білдірді:

"Мен қандай да бір адамның сөзіне сүйеніп, тергеу барысына баға бере алмаймын. Қылмыстық іс қозғау үшін заңмен белгіленген нақты дәлелдер қажет. Бұл – қылмыстық қудалау органдары шешетін мәселе", – деді Шындалиев.

Сонымен қатар ол Талдықорғанда өткен сот процесіне де түсініктеме беріп, үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін атап өтті.

"Шерзат Болаттың өліміне қатысты үкім әзірге күшіне енген жоқ. Барлық тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Менің білуімше, бұл сот процесіне кез келген азамат қатыса алды. Сот ашық, әділ және объективті түрде өтті. Шешім шығару кезінде барлық айғақтар мен куәліктер мұқият қаралды. Мұндай ашық соттар қоғамға әділеттілік орнағанын және ештеңе жасырын қалмайтынын көрсетуге бағытталған", – деді ол.

Еске салайық, Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот үкімі 2025 жылдың 5 маусымында шықты. Бас айыпталушы 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған күдіктілер 1,5 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге сотталды.