МӘДЕНИЕТ

Атырауда блогер мен досы алаяқтық үшін сотталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Атырау қаласының №2 соты алаяқтық ісі бойынша блогер Н. мен оның досы С.-ға қатысты үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша кінәлі деп танылған екі азаматтың бірі — блогер Н. 6 жыл 6 айға, ал серігі С. 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сот мәліметінше, 2024 жылдың 4 наурызы мен 12 сәуірі аралығында айыпталушылар өз танысы Ш.-ны жалған инвестициялық жобаға сендіріп, мобильді қосымша арқылы ірі көлемде ақша аударуға көндірген. Олар мол табысқа кенелесің деп уәде беріп, түрлі күндерде әртүрлі сома талап еткен. Жалған жобаның «сәтті жүріп жатқанын» көрсетіп, жәбірленушіні ұзақ уақыт алдаған.

Нәтижесінде, Ш. 33 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылды. Ол бұл соманы жинау үшін банктен несие алып, бағалы алтын бұйымдары мен люкс санатындағы көлігін кепілге қойған. Уәде етілген пайда мүлдем болмаған.

Бұдан бөлек, сотта Н. мен С.-ның гүл сататын компаниялардың өкілдерін де алдап соққаны белгілі болды. Олар төлем жасамастан гүл алған, ал блогер Instagram парақшасында бұл сыйлықтарды «Мистер Х»-тен келген деп көрсеткен. Бұл алаяқтық салдарынан З. есімді кәсіпкер 634 мың теңге, ал А. есімді азамат 3 млн 354 мың теңге шығынға батты. Алайда келтірілген материалдық шығын әлі өтелмеген.

Айыпталушылардың кінәсі тергеу барысында жиналған куәгерлердің айғақтары, банктік операциялар, геолокациялық деректер мен заттай дәлелдер арқылы толық дәлелденді. Сот олардың жасаған әрекетіне өкінгенін және біреуінің кішкентай баласы бар екенін жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар тіркелмеген.