БІЛІМ

Шекарадағы мектептер жабылып жатыр: Депутат Сәрсенғалиев алаңдаушылық білдірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев шекаралас аймақтардағы ауыл мектептерінің жабылуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселені Парламент қабырғасында көтерді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар түрлі әлеуметтік нысандарды жоспарлау кезінде халықтың нақты жағдайын ескере бермейді, ал қабылданған стандарттар ауылдағы білім беру саласына кері әсер етіп отыр.

"Тәуелсіздік алғалы бері құжат үстіне құжат қабылдаған мемлекеттік органдарда  жалқының мысалын жалпыға жабу бар. Яки әлеуметтік нысандар ашса да, білім ордаларын салса да "пәленше адам болса ғана түгенше шаршы метр ғимарат салынады" деген сансыз стандарт қабылдады. Қағаз бәрін көтереді, бірақ қағазға түскен қаріптер халықтың жағдайын қиындатпауы тиіс. Соның бір айғағы Батыс Қазақстан облысында орын алды. Мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегіне қатысты. Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесетінін мен айтпай-ақ білесіздер. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектептің жабылғаны, ал 2024 жылы 4 бастауыш мектептің таратылғаны расында төбемізге жай түскендей әсер етті", – деді депутат.

Депутаттың мәлімдеуінше, тек соңғы бес жылдың ішінде ел аумағында 194 ауыл жабылған. Бұл – тұрғындардың басқа елді мекенге көшуінен кейін қалыптасқан ахуалдың салдары. Сәрсенғалиевтің сөзінше, мектеп жабылса, баланы, мұғалімді, тіпті бүкіл ауылды жоғалтамыз.

"Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта балалардың қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына, қала берді жасына сай алуы тиіс мейіріміне кім кепілдік береді? Ешкім. Мектеп жабылғанда жұмыссыз қалған ұстаздардың хәлі нешік? Олар да ауылдан ауылға көшіп жүруі керек пе?", – деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазіргі нормативтер халық тығыздығы әртүрлі өңірлерге бірдей қолданылып келеді. Бұл әдіс дұрыс емес, себебі тұрғын саны аз шекара маңындағы ауылдарда бұл талаптар орындалмайды.

"Ауылындағы мектеп жабылғандықтан басқа елді-мекенге мәжбүрлі түрде оқуға аттанған оқушылардың ата-аналары да көшіп жатыр. Ал адамы көшкен  ауылдың картадан өшетіні белгілі. Бұл Қазақстанға үлкен қатер төндіреді, бір ғана дерек айтайын. Соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды. Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Себебі мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Өйткені бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартта бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен шектесетін 8 ауданының 7-інде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы. Нормативке өзгеріс енгізбесек тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмаймыз", – деді мәжілісмен.