САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: picture-alliance / dpa
Израиль Қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Иран аумағындағы әскери және ядролық нысандарға бағытталған әуе операцияларын ресми түрде бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Израиль тарапы бұл қадамға Иранның ядролық бағдарламасының қарқынды дамуы және ел аумағында 15 ядролық оқтұмсық жасауға жеткілікті байытылған уранның жиналуы себеп болғанын алға тартты. ЦАХАЛ бұл қорды Израильдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер деп бағалап отыр.
Операция бірнеше күнге созылуы мүмкін. Алдын ала болжамдарға сүйенсек, Тегеран тарапынан ауқымды қарымта соққы жасалуы ғажап емес. CNN деректеріне қарағанда, бұл жауап бұрынғыдан да ауқымды және ауыр болуы ықтимал.
Израиль билігі елде төтенше жағдай режимін енгізіп, Қарулы күштерді толық жауынгерлік дайындыққа көшірді. Қорғаныс министрлігі тұрғындарға жақын сағаттарда шабуыл болу мүмкіндігін ескеріп, сақ болуға шақырды.
Кешкі телеүндеуінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның баллистикалық зымырандары санаулы минуттарда Израиль аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы жасай алатынын айтты. Дегенмен, ел билігі кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын екенін және азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық шаралар қабылданатынын жеткізді.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп барады. Сарапшылардың айтуынша, Израиль бастаған бұл операция аймақтағы дағдарыстың жаңа, бұрын-соңды болмаған кезеңіне жол ашуы мүмкін.