Bugin

АЭС-тегі апат үшін кім жауапты болады? Агенттік түсініктеме берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: КазТаг/ChatGPT

Қазақстанда салынатын атом электр станциясында апат болса, кім жауапты болады? Атом энергиясы жөніндегі агенттік станцияда төтенше жағдай немесе апат болған жағдайда "Росатомның" қандай жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Агенттік мәліметінше, халықаралық тәжірибе мен 1963 жылдың 21 мамырындағы Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы, сондай-ақ оған 1997 жылы 12 қыркүйекте енгізілген хаттама негізінде АЭС-тегі ықтимал оқиғалар үшін басты заңды жауапкершілік станция операторының мойнына жүктеледі.

"Мұндай құқықтық модель көптеген елде қолданылады және залалды өтеу процесін жеңілдетуге бағытталған. Осыған сәйкес, Қазақстандағы атом электр станциясының операторы нысанның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге және апат салдарларын жоюға толық жауапты болады", – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру кезінде барлық шарттық міндеттемелер, оның ішінде "Росатомның" жауапкершілік аясын, сақтандыру механизмдерін, техникалық кепілдіктерді және бас келісімшарт талаптарын қамтитын тармақтар пысықталып жатыр.

Агенттік өкілдері атап өткендей, Қазақстан ядролық қауіпсіздікке қатысты бірқатар халықаралық келісімдердің қатысушысы болып табылады. Бұл өз кезегінде ұлттық мүдделерді қорғауға қосымша құқықтық негіз болады.

АЭС-тің қауіпсіз жұмысы ел ішіндегі уәкілетті органдар тарапынан бақыланатын болады. Атап айтқанда:

Ядролық және радиациялық қауіпсіздікке Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жауапты болады. Ол лицензиялау, инспекция жүргізу және қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалайды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаға радиациялық әсер, шығарындылар мен қалдықтарды басқару бойынша экологиялық нормативтердің сақталуын бақылап отырады.

Бұған қоса, су ресурстарын қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитарлық талаптар мен төтенше жағдайлар секілді бағыттарда да басқа мемлекеттік органдардың араласуы көзделген.

Агенттік мәлімдегендей, Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер аясында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) тарапынан да қосымша мониторинг жүргізілетін болады. Бұл Қазақстандағы ядролық қауіпсіздік талаптарының халықаралық стандарттарға сәйкес орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.