САЯСАТ

Иран мен Израильде қанша қазақстандық жүр? СІМ отандастарымыздың жағдайы туралы мәлімдеді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Sputnik.kz

 

Қазіргі таңда Иран аумағында 132, ал Израильде 219 Қазақстан азаматы бар. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

СІМ мәліметінше, шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктеріміз отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатып отыр. Министрлік Иран мен Израильде жүрген азаматтарға үйден шықпауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және жергілікті билік органдарының ескертуі мен нұсқауларын орындауға кеңес берді.

"Азаматтарымыз Сыртқы істер министрлігімен, сондай-ақ Иран мен Израильдегі Қазақстан елшіліктерімен тұрақты байланыста болуы қажет", – деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, кейінгі бірнеше күн ішінде 70-тен астам қазақстандықты Ираннан шығару бойынша көмек көрсетілген. Атап айтқанда, 14 маусымда Иранда іссапарда болған алты азаматымыз Әзірбайжан арқылы елге қайтуға мүмкіндік алды. Ал 15 маусымда Қазақстанның 68 азаматы, оның ішінде дипломаттардың отбасы мүшелері мен Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) хатшылығында жұмыс істейтін азаматтар Түрікменстанға шығарылған.