ТЕХНОЛОГИЯ

Жасанды интеллект туралы заң жобасы: Қошанов парламенттік тыңдау күзде өткізілетінін жеткізді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: gov.kz

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов күзде жасанды интеллект мәселесі бойынша парламенттік тыңдау ұйымдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бүгін депутат Екатерина Смышляева жасанды интеллект саласына қатысты премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс төрағасы депутаттың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

"Бұл шынымен өте өзекті сұрақ. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектіні дамыту және енгізу жөніндегі жұмыстарды жеке өзі бақылап отырады. Үкімет үлкен жұмыс істеп отыр. Салалық министрліктің де атқарған жұмысы қыруар. Соның ішінде біз, Мәжіліс депутаттары да маңызды қадам жасадық", – деді ол және депутаттардың жасанды интеллект туралы заң жобасына бастамашы болғанын еске салды.

Қошанов аталған мәселеге байланысты парламенттік тыңдау күзде өткізілетінін атап өтті.

"Палата депутаттары бастамашы болған жасанды интеллект туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық. Заң жобасы қыркүйекте екінші оқылымда қаралады. Бірақ, осы заңды жүзеге асырып, енгізудің маңызды екенін ескере отырып күзде үкіметпен бірге парламенттік тыңдау өткізуді ұсынамын. Менің ойымша, қыркүйектің екінші жартысында өткізе аламыз. Жалпы, Парламентте маңызды сарапшыларды, отандық сарапшылар мен мамандарды жинап, парламенттік тыңдау өткізу керек деп ойлаймын. Мәжілістің салалық комитеті парламенттік тыңдауға дайындық жүргізсін деді", – деді Ерлан Қошанов.