ДАМУ

Төлеби ауданында балаларға арналған модульді жазғы лагерь ашылды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының Төлеби ауданында жазғы демалыс маусымына орай жаңа модульді лагерь іске қосылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Төлеби нұры» отбасы үлгісіндегі балалар үйінің жанынан ашылған лагерь алғашқы ауысымда Қазығұрт ауданынан 300-ден астам оқушыны қабылдады. Демалушылардың дені көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңа лагерь 14 модульді нысаннан тұрады. Мұнда балаларға арналған жатын бөлмелер, асхана, бассейн, жуынатын орындар және заманауи санитарлық жағдайлар қарастырылған. Әр модуль 20 балаға арналған. Балалар бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі, демалыс бағдарламасы толық ұйымдастырылған: спорттық ойындар, мәдени іс-шаралар мен танымдық сайыстар өткізіледі.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, бұл жобаның балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық пен көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Жазғы демалыс – балалар үшін қуаныш пен шабытқа толы ерекше кезең. Лагерь ашу – болашаққа салынған инвестиция. Жас буынның жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне бағытталған модульді жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Бұл жоба — мемлекеттің қаражатын тиімді пайдалана отыра, қажеттіліктерді қамтамасыз етеді. 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді лагерь салынып жатыр. Жоба негізінде 7500-ден астам қосымша орын ашуға мүмкіндік туды. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қолдау көрсетті. Осы апта Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» лагері 487 баланы қабылдады. Маусымдық нысандардың құрылысы қолға алынған сәттен басы-қасында жүріп, сапалы іске асырылуын бақыладық. Бүгін жасөспірімдердің бақытты жүздеріне тағы куә болып тұрмыз. Ендігі мақсат — балаларға шынайы шаттық пен қауіпсіз орта сыйлау. Осы ортақ міндетті абыроймен атқаруға шақырамын. Ұйымдастыруға атсалысқан барша әріптестерге, ата-аналарға және тәрбиешілерге алғыс білдіреміз! Оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас сәттер тілейміз!», — деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Іс-шараға облыстық білім басқармасының, аудан әкімдіктерінің өкілдері және ардагерлер қатысты. Олар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, баталарын берді.

Жалпы облыс бойынша биыл жазда 43 мыңнан астам бала мемлекеттік және жекеменшік лагерьлерде демалады. Бұған қоса, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен экскурсияларға қатысады. Балалардың қауіпсіздігі мен мазмұнды демалысын қамтамасыз ету – облыс әкімдігінің басты назарында.