ДАМУ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Azattyq Rýhy
2025 жылы 1 шілдеден бастап елімізде балаларды отбасына орналастырудың жаңа форматы – кәсіби қабылдаушы отбасы моделі іске қосылады. Бұл бастама ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін қауіпсіз әрі мейірімге толы уақытша орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Кәсіби қабылдаушы отбасы бір уақытта төрт балаға дейін қабылдап, тәрбиелей алады. Алайда, мұндай жауапты іске кіріспес бұрын үміткерлер міндетті түрде арнайы оқыту курсынан өтуі тиіс. Бұл оқыту жетім және қамқоршылықсыз қалған балаларға арналған мекемелерде немесе арнайы аккредитациядан өткен ұйымдарда жүргізіледі.
Кандидаттарды іріктеу мен бекіту шешімін қамқоршылық және қорғаншылық органдары заң аясында қабылдайды. Қазіргі уақытта аталған органдар кәсіби ата-аналарды дайындау мен сараптауды белсенді жүргізіп жатыр.
Жаңа жүйенің басты артықшылығы — балалар интернаттарға жіберілмей, бірден отбасына орналастырылады. Бұл баланың психологиялық тұрғыдан күйзеліске түсу қаупін төмендетіп, алғашқы күннен бастап тұрақты және жылы отбасылық ортаға бейімделуіне жағдай жасайды.
“Басты мақсат — әр бала өзін қажет әрі бағалы сезінетін ортада тәрбиеленуі. Кәсіби отбасы моделі осыған жол ашады”, — дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар әрбір кәсіби тәрбиешіге бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы мен еңбекақы төленетін болады.