САЯСАТ

Алматыда бұрынғы вице-министрлер ірі көлемде пара алған: сотқа дейінгі тергеу басталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: el.kz, Нұркен Алишев

Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Тергеу барысында белгілі болғандай, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарына қызмет көрсету кезінде жеке мүдделерін алға жылжыту мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» басшыларына жүйелі түрде заңсыз сыйақы, яғни пара берген.

2025 жылғы 28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел іс-шаралары барысында 75 мың АҚШ долларын пара ретінде тапсыру кезінде төмендегі тұлғалар ұсталынды:

Рахым Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры;

Арман Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшысы, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінші вице-министр болған;

Дәулет Арғандықов – орталықтың бұрынғы басшысы, экс-вице-министр (ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі).

Ұсталғандардың мекенжайлары мен қызмет орындарында жасалған тінту барысында айғақ зат ретінде:

370 мың АҚШ доллары;

4,5 млн теңге қолма-қол ақша тәркіленді.

2025 жылғы 30 маусымда сот шешімімен жоғарыда аталған үш тұлға екі айға қамауға алынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін қосымша ақпарат жарияланбайды.