ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Коллаж: nege.kz
Маңғыстау облысында мектеп төбесінің опырылып түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 278-бабының 2-бөлігі бойынша (ғимараттар мен құрылыстарды немесе олардың жекелеген бөліктерін пайдалануға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", – делінген хабарламада.
Оқиға 23 шілде күні таңғы сағат 6:30 шамасында Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылындағы мектеп-гимназияның акт залында болған. Шамамен 250 шаршы метр аумақта төбе опырылып түскен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Қазір оқиға орнына арнайы мамандар жіберіліп, техникалық тексеру мен сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Төтенше жағдайдың нақты себептері мен салдарын анықтау үшін құзырлы органдардың қатысуымен арнайы комиссия құрылған.
Айта кетейік, бұл мектеп 2009 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Жобалық қуаттылығы – 1200 оқушыға арналған.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов оқиға орнына арнайы барып, акт залды аралап, жағдаймен танысты.
"Қазіргі уақытта мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне уақытша шектеу қойылды. Жөндеу жұмыстары мен қабылданатын нақты шаралар туралы ақпарат кейінірек ресми түрде хабарланады", – делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.