Bugin

Түркістан: Төле би ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының Төле би ауданында балық шаруашылығын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы тұста Төле би ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС-не арнайы барып, жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров аудан әкіміне балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерді көрсетіп, алдағы жұмыс жоспарын бөлісті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Бүгінде кәсіпкер балықтың сазан және форель түрлерін уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре балығын өсіруді қолға алған. Шаруашылыққа тартылған инвестиция құны – 400 млн теңге. Арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель, 3 тонна бекіре тұқымдас балықтар жіберілген. Мұнда бүгінде 50-ге жуық ауыл тұрғыны уақытша жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Сонымен қатар қожалық иесінің жеке қаржысы есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беру жоспарлануда.

Кәсіпкердің сөзінше, форель балығы салқын кезде арнайы орында өсіріліп, күз мезгілінде ашық бассейнге жіберіледі. Сондай-ақ, ол ауданға келуші туристерге балықтың бірнеше түрін ұсынып, этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізетінін жеткізді. Бүгінде тоған айналасына ерекше жеміс ағаштарын егіп, абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі