САЯСАТ

СҚО-да бюджет қаржысын жымқырған шенеунік 8 жылға сотталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: baq.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы 15,9 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Сот үкіміне сәйкес, ол мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда, сот жүйесінде, Ұлттық банк пен қаржылық реттеуші органдарда өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, бөлім басшысы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған жабдықтарды сатып алуға жалған мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасаған. Бұл келісім бір көзден жеткізушімен ресімделгенімен, кәсіпкер аталған мәміледен бейхабар болған.

Аталған факті бойынша 2024 жылғы 6 шілдеде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

2025 жылғы 30 маусымда Тайынша аудандық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен бірге оған мемлекеттік қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынды.