БІЛІМ

Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Dalanews.kz коллажы

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Ведомство мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 99%-ға игерілген.

Гранттар тағайындау конкурсына 113 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп. Министрлік әлеуметтік осал топтарға арналған квоталардың сақталғанын хабарлады. Сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурссыз гранттар қарастырылған.

Биыл "Серпін" бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам жас солтүстік, шығыс және орталық өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Бұл бағдарлама халық тығыз қоныстанған аймақтардың жастары арасында үлкен сұранысқа ие болды.

Гранттан бөлек, министрлік жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін қосымша тетіктерді іске қосты. Соның бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес енгізілген "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі. Аталған жүйе бойынша 5 жасқа толған балаға есепшот ашылып, бастапқы білім беру капиталы аударылады. Сонымен бірге салымшыларға мемлекеттік және қаржы ұйымдарының сыйақылары төленеді. Жиналған қаражатты "Ұлттық қор – балаларға" жобасымен біріктіруге мүмкіндік бар.

2024 жылы алғаш рет оқу ақысын ішінара өтеуге бағытталған сараланған гранттар енгізілді. 2025 жылы олардың саны 300-ге жетеді. Бұл гранттар бойынша конкурс биыл қыркүйек айында өтеді. Қалған оқу ақысын студенттер өз қаражаты немесе жеңілдетілген оқу несиесі есебінен төлей алады.

Сондай-ақ биыл алғаш рет мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан азаматтарға 2 010 білім беру гранты бөлінді. Бұл бастама әскери қызметтен кейін бейімделуге және жоғары білім алуға тең мүмкіндік беруге бағытталған.