ҚОҒАМ

Түркістан облысының құтқарушылары тауда қауіпсіздік үшін есте сақтайтын басты ережелерді ұсынды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

 

Түркістан облысында 2 миллионнан астам адам тұрады. Күннің жылынуына байланысты аймаққа тауда демалатын туристердің саны да артады. Статистикалық деректерге сәйкес, жыл сайын облысқа келетін туристер мен демалушылардың саны 1 миллион адамға дейін жетеді. Олардың басым бөлігі өңірдегі ең көрікті аймақтардың бірі – Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде демалуды жөн көреді.

Алайда қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын альпинистер тауда түрлі қиындыққа жиі тап болады. Мұндай жағдайларда көмекке Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төлеби ауданындағы Леңгір қаласында орналасқан Жедел-құтқару жасағы келеді. Қазіргі уақытта жасақтың штаттық саны – 42 адам. Оның ішінде 34 құтқарушы, 4 судағы құтқарушы және 4 кинологиялық есеп бар. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 5 жылда облыстың таулы аймақтарында барлығы 37 іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 128 адам құтқарылған. Сонымен қатар 11 адамның мәйіті табылған.

Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті алдағы уақытта тауға шығушыларға арналған қауіпсіздік бойынша кеңестер ұсынбақ:

  • Таулы аймақта орналасқан бақылау-өткізу бекеттерінде міндетті түрде тіркелу;
  • Баратын аймақтың маршруттық картасын алу және өзіңізбен бірге ұстау;
  • Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға барғанда экскурсия ұйымдастырушылары мен гидтердің бастамасымен жүру;
  • Тауда белгіленген бағыт көрсеткіштері арқылы ғана жүру;
  • Жеткілікті мөлшерде су және компас алу;
  • Жолсеріксіз бейтаныс бағыттармен тауға шықпау;
  • Қыста – қар көшкінінен, жазда – құлап кетуі мүмкін тастардан сақ болу;
  • Бірнеше күнге тауға баруды жоспарласаңыз, міндетті түрде 112 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін құтқару қызметіне хабарласу.