САЯСАТ

Түркістан облысында депутаттар өңірдегі туристік нысандармен танысты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облыстық мәслихаты

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов бастаған уақытша депутаттық комиссия мүшелері, яғни облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Қалыйма Жантөреева, Бегімбет Байғараев, Ғалымжан Елшібай, Бекарыс Шойбеков Талғат Садуов облыстағы туризм нысандарының жай-күйімен танысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Алғашқы нысан «Қаратау» қорығындағы «Хантағы» туристік-рекреациялық аймағы. Ерекше табиғатымен эко-туризмді дамытуға қолайлы мекенде «Визит» орталығын салу жоспарлануда. Жоба келер жылы басталады, құны - 150 млн теңгені құрайды. Визит орталық PROGREEN жобасы шеңберінде іске асырылатын болады.

Фото: Түркістан облыстық мәслихаты

Фото: Түркістан облыстық мәслихаты

Аралау барысында орталықты салуға арнайы жер бөлу мәселесі айтылды. Халық қалаулылары бұл бағытта тиісті шаралар атқарылып, мәселенің оңынан шешілуіне ықпал жасайтындарын жеткізді.

Сондай-ақ, депутаттар «Хантағы» туристік-рекреациялық аймағын насихаттау, келушілер үшін сапалы қызмет көрсету, ұлттық нақыштағы және заманауи бағыттағы демалыс орындарын арттыру және тазалыққа ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

Уақытша депутаттық комиссия Түркістан қаласындағы туристік-рекреациялық аймақтың да жай-күйін көрді. Жоба Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда.

«Түркістан» туристік-рекреациялық орталығының инженерлік инфрақұрылымын салу жобасы жасанды көл мен жағажай аумағы бар көпфункциялы туристік аймақты құруды қамтиды. Жоба аясында екі кезең қарастырылған: І кезең – саябақ салу, аумақты функционалды аймақтарға бөлу, белсенді демалыс аймағы, балалар ойын алаңы, спорт инфрақұрылымы болса, ІІ кезең – «Шаға» көлінің және оған іргелес туристік аумақтың инженерлік инфрақұрылымын салу. Жобаның жалпы сметалық құны 9,3 млрд теңгені  құрайды, оның ішінде  9,1 млрд теңге келісімшарттар аясында қарастырылған. 

Фото: Түркістан облыстық мәслихаты 

Фото: Түркістан облыстық мәслихаты

Қазіргі уақытта «Gold Fish City Turkistan» ЖШС жеке серіктесімен жағажай аймағын дамыту, туристік қызмет көрсету, қонақүй және мейрамхана инфрақұрылымын салу мәселелері бойынша белсенді келіссөздер жүргізілуде. Инвестор тарапынан салынатын болжамды инвестиция көлемі – 5 млн АҚШ долларын құрайды.

 «Шаға» жасанды көлінің сумен қамтылу жағдайы мен жұмыс істеуі тұрақты деңгейде. Көл жыл сайын көктемгі және күзгі кезеңдерде Кенсай-Коскорган-2 су қоймасынан Түркістан магистралдық каналы арқылы келетін су есебінен толтырылады.

Кенсай-Коскорган-2 су қоймасы Түркістан қаласындағы ескек есу каналының да су көзі болып табылады. Осылайша, «Шаға» көлі мен ескек есу арнасы бір сенімді су көзінен қоректенеді, бұл нысандардың су тапшылығы мәселесін болдырмайды.

Жобаның мақсаты – ішкі туризмді дамыту, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру, өңір тұрғындары мен қонақтарына демалыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ су тасқыны суларынан қорғануды қамтамасыз ету.

Айта кетейік, облыстық мәслихаттың 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес алдағы кезекті сессияда облыстық туризм басқармасы басшысының есебі тыңдалады.