САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Үкімет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жаңа әлеуметтік саясат аясында қазақстандықтарға төленетін жәрдемақылардың тағдырына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Министрдің айтуынша, қазір елде әртүрлі санаттағы азаматтарға 117 түрлі жәрдемақы төленіп отыр. Алайда өңірлер арасындағы қаржылай мүмкіндіктердің айырмашылығы аймақтық деңгейде теңсіздікке әкелуде. Осыған байланысты бүкіл ел бойынша бірыңғай стандарт енгізу жоспарланған.
"Облыстардағы бюджеттің көлемі бірдей емес. Сондықтан президенттің "ақша адамның артынан еруі керек" деген тапсырмасына сәйкес, аймақтық бюджеттен төленетін жәрдемақыларды бірыңғай жүйеге келтіру көзделіп отыр", – деді Жақыпова.
Сонымен қатар министр республикалық бюджеттен берілетін негізгі әлеуметтік төлемдерге ешқандай өзгеріс болмайтынын атап өтті.
"Мен БАҚ арқылы мынаны айтқым келеді: республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақы сақталады. Олардың қатарында – зейнетақы, мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға төлемдер, "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлері, I және II дәрежелі "Батыр ана" атағы бар аналарға, сондай-ақ көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар бар. Мемлекет Конституцияда бекітілген әлеуметтік кепілдіктерден бас тартпайды. Өзгерістер тек аймақтық бюджеттен төленетін жәрдемақыларды бір стандартқа сыйдыруға қатысты", – деп түсіндірді министр.