ТЕХНОЛОГИЯ

Қазақстанда жасанды интеллектіні реттейтін алғашқы заң қабылданды

Қазақстанның заңнамалық базасында алғаш рет «Жасанды интеллект» ұғымы ресми түрде бекітілді, деп жазады Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: divalto.com

Мәжіліс депутаттары жаңа заң жобасын екінші оқылымда қабылдап, ЖИ жүйелерін қолданудың құқықтық тетіктерін бекітті. Құжатта технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен қатар, жасанды интеллект көмегімен жасалған (синтетикалық) контентті міндетті түрде таңбалау (маркілеу) тәртібі нақтыланған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлім етті.

Жаңа заң аясында еліміздің құқықтық кеңістігіне алғаш рет «Жасанды интеллект», «ЖИ моделі», «ЖИ жүйесі», «Деректер базасы» және «Синтетикалық нәтиже» секілді іргелі ұғымдар енгізілді. Бұл терминологиялық база саланың ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болады. Құжат сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда технологияларды қолдану тәртібін бекітіп, Үкіметтің осы саладағы саясатты қалыптастырудағы құзыретін айтарлықтай кеңейтті.

«Негізгі заң Қазақстанда қауіпсіз және тұрақты жасанды интеллект экожүйесін құру жолындағы бірінші және маңызды қадам болады деп болжанып отыр», – деп мәлімдеді мәжілістің баспасөз қызметі.

Жаңа заңнамада жасанды интеллект қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді тетігі енгізілді. Енді ЖИ жүйелері тудыруы мүмкін тәуекелдеріне байланысты минималды деңгейден жоғары деңгейге дейін сараланады. Ерекше назар жоғары қауіпті жүйелерге аударылады: олар стратегиялық маңызы бар ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына теңестірілуі мүмкін. Бұл мемлекетке мұндай технологиялардың жұмысын жіті бақылап, киберқауіпсіздік талаптарының сақталуын қатаң қадағалауға мүмкіндік береді. Заңнама аясында жасанды интеллект жүйелерін олардың дербестік (автономия) дәрежесіне қарай жіктеу принципі енгізілді. Мәселен, адамның араласуынсыз қызмет ететін жоғары автономиялы технологиялар (автопилотты көліктер және т.б.) арнайы заңнамалық актілермен реттелетін болады. Бұл қадам күрделі технологиялық шешімдердің құқықтық жауапкершілігін нақты белгілеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, азаматтардың қауіпсіздігі мен жеке басына қол сұғылмауын қамтамасыз ету мақсатында ЖИ-дің бірқатар функцияларына қатаң тыйым салады. Атап айтқанда, адамның келісімінсіз оның мінез-құлқына немесе эмоцияларына манипуляция жасауға жол берілмейді. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының ерекшеліктерін пайдалануға және адамдарды мінез-құлқы бойынша жіктейтін «әлеуметтік скоринг» жүйелерін енгізуге заң жүзінде шектеу қойылды. Қоғамдық орындарда бет-әлпетті нақты уақыт режимінде тану (биометриялық сәйкестендіру) тек заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.

Бекітілген заң ЖИ технологияларына деген сенімді нығайтумен қатар, авторлық құқықты қорғаудың нақты шеңберін белгіледі. Негізгі ереже бойынша адамның шығармашылық қатысуынсыз, тек ЖИ тарапынан жасалған туындылар авторлық құқық нысаны ретінде танылмайды. Алайда пайдаланушылар жасаған бірегей сұраныстар (промпттар) заңмен қорғалатын зияткерлік меншік нысанына жатуы мүмкін. Сонымен қатар ЖИ моделдерін оқыту үшін авторлық еңбектерді пайдалану тәртібі бекіді: егер автор өз туындысына «Машинамен оқуға тыйым салу» белгісін қоймаса, оны оқыту процесінде қолдануға рұқсат етіледі.

Жаңа заң жобасында жасанды интеллект жүйелерінің әрекетінен туындаған залалды өтеу тетіктері нақты белгіленген. Егер технологияны қолдану барысында пайдаланушыларға зиян келсе, оған ЖИ жүйесінің иелері мен операторлары тікелей жауапты болады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қосымша қорғау мақсатында жауапкершілікті ерікті түрде сақтандыру институты енгізілуде.