ТЕХНОЛОГИЯ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған инновациялық орталықтың ашылуы өтті. Салтанатты шараға арнайы келген делегация өкілдері оқу ордасының ғылыми-зерттеу әлеуетімен және заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: ҚазҰУ, Баспасөз қызметі
«Farabi Hub» инновациялық орталығының басты миссиясы – ғылыми идеяларды экономиканың нақты секторына енгізуді жеделдету. Орталық өзге жоғары оқу орындарымен, ғылыми институттармен және жекеменшік компаниялармен серіктестік орнатудың бірегей алаңына айналған. Заманауи зертханалар ғалымдарға ғылым мен технологияның ең күрделі салаларында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Делегация мүшелері, сондай-ақ, Робототехника және мехатроника құзыреттілік орталығының қызметіне ерекше қызығушылық танытты. Мұнда германиялық «KUKA» өнеркәсіптік роботтары орнатылған. Орталықтың негізгі бағыттары:
- Робототехника саласы бойынша жоғары білікті кадрлар даярлау;
- Өндіріс орындарын автоматтандыру және цифрландыру;
- Стартап-жобалардың технологиялық шешімдерін сынақтан өткізу.
Қазіргі таңда орталық «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» және «Hyundai Trans Kazakhstan» сияқты өндіріс алпауыттарымен келісімшартқа отырған. Келісім аясында өндіріс орындарының қызметкерлері университет базасында біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды меңгереді.
Ұшқышсыз авиацияны дамытуға арналған инновациялық орталықтың ашылуына қатысқан делегация өкілдері Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институтының жұмысымен де танысты. Университет басшысы бұл институттың цифрлық инженерияны меңгеруге арналған озық білім беру кеңістігі екенін атап өтті. Бұл жерде студенттер өндіріс кезеңдерін сандық ортада модельдеуді, күрделі автоматтандырылған жүйелерді басқаруды, технологиялық процестерді өзара байланыстыруды үйренеді.
Бұл бастамалар ҚазҰУ-дың еліміздегі жетекші зерттеу университеті ретіндегі мәртебесін нығайтып, отандық ғылымның өндіріспен ұштасуына жаңа серпін бермек.
Шұғыла Мейрамбекқызы