САЯСАТ

Мемлекеттік басқарудың жаңа конфигурациясы: Вице-президент лауазымы мен Халық кеңесі

20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық институттарын толықтай трансформациялайтын бірқатар ұсыныстарын жариялады, деп жазады Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Aqorda

Елдегі қоғамдық-саяси институттарды оңтайландыру мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына жаңа бірегей құрылым Халық кеңесі құрылады. Бұл орган аталған екі ұйымның қызметін біріктіріп, жалпыұлттық диалогтың басты алаңына айналмақ. Жоғары консультациялық органның құрамына барлық этностар мен аймақтардың мүддесін білдіретін 126 өкіл енеді.

«Қазақстанның Халық Кеңесі мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады», – деді президент құрылтайдағы өз сөзінде.

Фото: Aqorda

Фото: Aqorda

Сондай-ақ мемлекет басшысы ұсынған қоғамдық-саяси өзгерістер аясында парламент пен мәслихаттарды жасақтаудың жаңа тәртібі айқындалды. Реформаның негізгі параметрлеріне сай депутаттарға бес жылға 145 мандат берілмек, ал комитеттер санын 8-ге дейін шектеу және төрағаның 3 орынбасарын тағайындау арқылы басқару тиімділігін арттыру көзделген. Депутаттар пропорциялық жүйемен, жергілікті мәслихаттар мажориталды жүйемен сайланады. Бұл бастамалардың құқықтық негізі референдум барысында халықтың қолдауымен айқындалмақ.

Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, оның орнына вице-президент лауазымы енгізіледі. Вице-президент лауазымы парламенттің келісімімен президент тарапынан тағайындалады. Вице-президенттің негізгі міндеттері мен өкілеттіктерін мемлекет басшысы дербес айқындайды. Вице-президент өз құзіреті шеңберінде халықаралық форумдарда Қазақстан атынан өкілдік етеді, шетелдік делегациялармен келіссөздер жүргізу және заң шығарушы органда президенттің ресми өкілі болу сияқты стратегиялық функцияларды атқарады. Сондай-ақ оған ғылыми, мәдени және қоғамдық ұйымдармен етене жұмыс жасау жауапкершілігі жүктеледі.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы конституциялық реформа жөніндегі пайымы бойынша,  Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың ауқымы жоспарланған межеден әлдеқайда ауқымды. Осыған байланысты президент бұл реформаны мазмұны жағынан жаңа Конституция қабылдаумен тең деңгейдегі стратегиялық қадам деп бағалады.