БІЛІМ

«Болашақ» бағдарламасындағы бетбұрыс: Мектеп түлектеріне шетелде бакалавр деңгейінде білім алуға жол ашылды

«Болашақ» халықаралық стипендиясының талаптарына маңызды өзгерістер енгізілді.  Енді ең дарынды мектеп түлектері бакалавриат бағдарламасы бойынша әлемнің үздік университеттерінде мемлекет есебінен білім ала алады, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фотоколлаж: kursiv.media

Осыған дейін «Болашақ» бағдарламасы тек магистратура, докторантура және ғылыми тағылымдамадан өтушілерге ғана бағытталған болатын. Бұл реформа еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жасалған стратегиялық қадам болып табылады.

Бағдарламаның жалпы бюджеті өзгеріссіз қалады, алайда қаражатты бөлу механизмі қайта қарастырылды. Ғылыми тағылымдамаларға бөлінетін гранттар саны аздап қысқартылып, оның орнына бакалавриатқа арналған квоталар қосылды. Биыл бакалавр санатындағы талапкерлер үшін 20 грант бөлу жоспарланған. Гранттар тізіміне енетін мамандықтар ел экономикасының қазіргі сұранысына негізделген. Басты назар атом өнеркәсібі, су ресурстары, жасанды интеллект салаларына аударылып отыр. Мамандықтар тізімі нарық конъюнктурасына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.

«Болашақ»  бағдарламасының бакалавриатына іріктеу үшін үміткерлер төменде көрсетілген критерийлерге сай болуы тиіс:

- Жүлделі орын: Соңғы 3 жыл ішінде халықаралық олимпиадалардың немесе ғылыми конкурстардың I, II немесе III орын иегері болу.

- Бейіндік сәйкестік: Таңдалған мамандық олимпиада пәнімен немесе ғылыми жоба бағытымен тікелей байланысты болуы шарт.

- Тілдік сертификат: Мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын KAZTEST (B1 деңгейінен төмен емес) сертификаты.

- Университет шақыртуы: Бағдарлама бекіткен 29 елдің ішіндегі рейтингі жоғары оқу орнынан ресми шақыртудың болуы.

- Академиялық үлгерім: Аттестат бойынша жоғары көрсеткіштер.

Бүгінгі таңда «Болашақ» стипендиясы арқылы әлемнің 29 дамыған елінде сапалы білім алуға жағдай жасалған. «Болашақ» бағдарламасының бакалавриат бағытын жаңғыртуы еліміздің адам капиталына, ұлт болашағына жасаған ең ірі инвестициясы болмақ.