БІЛІМ

1,1 миллионнан астам ауыл оқушысы заман талабына сай жабдықталған, жайлы әрі қауіпсіз мектептерде білім алуда

Еліміздегі білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Президенттің тікелей тапсырмасымен аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда орналасқан 3008 мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылды, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: damu.kz

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздегі мектептерді жаңғырту жұмыстары стратегиялық маңызға ие. Оқу-білім саласындағы жүзеге асырылып жатқан жобалық жұмыстардың басты мақсаты — қала мен ауылдық елді мекендердегі білім беру сапасының аражігін жою. Сонымен қатар, бірқатар бағдарламалар аясында өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қажетті жайлы орта қалыптастыру және мектептердің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру көзделген.

Ауқымды жұмыстар нәтижесінде білім ордаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, ғимараттардың келбеті жаңарды. Мектептер соңғы үлгідегі пәндік кабинеттермен жабдықталып, жиһаздар мен техникалық құралдар толықтай алмастырылды. Мектеп базасындағы кітапханалар мен асханалар заман талабына сай жаңғыртылып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорғаныс жүйелері барынша күшейтілді. Бұл қадамдар ауыл балаларының заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізуіне жол ашпақ.

Оқу-ағарту министрлігінің 2023–2025 жылдар қорытынды есебі бойынша:

• 369 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді;

• 1 817 мектепте ағымдағы жөндеу жасалды;

• 2 917 пәндік кабинет сатып алынды;

• 1 697 мектепте жиһаз жаңартылды;

• 2 413 мектептің кітапханасы жаңғыртылды;

• 1 401 мектептің асханасы жаңартылды;

• 1 705 мектепте қауіпсіздік жүйелері күшейтілді.

Сонымен қатар 2023–2025 жылдары 2 752 мектеп үшін 4 320 пәндік кабинет сатып алынды, оның ішінде:

• 2023 жылы – 1 072 мектеп (1 507 кабинет);

• 2024 жылы – 920 мектеп (1 621 кабинет);

• 2025 жылы – 760 мектеп (1 192 кабинет).

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған ресми есепке сүйенсек, еліміз бойынша 1,1 миллионнан астам оқушының білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Бүгінде ауыл баласы қаладағы оқушылармен тең дәрежеде, заманауи зертханаларда тәжірибе жасап, жайлы кітапханаларда іздене алады. Оқу-ағарту саласында атқарылған іргелі жұмыстар Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған ең қомақты әлеуметтік салым есебінде ықпалы жоғары.