БІЛІМ
Білім беру жүйесінің трансформациясы ұстаздардың заманауи құзыреттілігін арттыруды талап етеді. Осы стратегиялық бағытты негізге алған, «AMANAT» партиясы мен «Daryn Online» бірлесе іске асырған «Білім берудегі жасанды интеллект» жобасы ұстаздардың кәсіби әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды бастама саналады. Айтулы жоба цифрлық технологияларды меңгерген кәсіби ұстаздарды қалыптастырудың негізгі құралына айналды.
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]
Фото: З.Каирбек
«Білім берудегі жасанды интеллект» жобасы арқылы ұстаздар жасанды интеллект көмегімен білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын меңгереді. Платформа ұсынған оқу материалдарының тілі жеңіл әрі ұғынықты. Ең басты артықшылығы – алған білімді практикалық тұрғыдан дереу пайдалануға ыңғайлы етіп жасалған. Сабақ барысында AI құралдарын пайдалану арқылы ұстаздар қауымы уақыт үнемдеп, құжаттарды автоматтандырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруда жаңа форматта оқу бағдарламаларын ұсына алады. Сондай-ақ жобаның ұстаздар үшін ұтымды тұсы – заңды түрде сертификат берілуі. Бұл ұстаздардың кәсіби дамуын растап, ағымдық аттестациядан балл алуларына оң әсер етеді. Курс барысында кері байланыс жүйесі орнатылған, бұл білім алушыға өзін жетілдіруге мүмкіндік береді. Білім беруді жетілдірумен қатар, жоба ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған.
Мен Бесқарағай ауданы Қарабас ауылының «Семеновка орта мектебінің» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде осы жоба курстарын оқығандардың бірі болдым. Бірінші модульден бастап барлық видеосабақтарды қызыға қарап, берілген тапсырмаларды жасап, практикаға көштім. Жоба ұстаздардың күнделікті жұмыс үрдісіндегі трансакциялық шығындарын оңтайландыруда маңызды. Уақытты үнемдеу және бюрократияны азайту тұрғысынан да бұл бастама білім беру жүйесі үшін ықпалы жоғары. Курста, сондай-ақ, КТЖ, БЖБ, ТЖБ жасаудың тиімді жолдары көрсетілген. Академиялық адалдық туралы бірқатар видеоматериалдар ұсынылған. Курс барысында кез келген ұстаз өзіне қажетті дағдыны қалыптастыра алады деген ойдамын.
Курс барысында ұстаздар жасанды интеллектті білім беруде қалай тиімді қолдануға болатынын, ЖИ құралдары арқылы сабақ жоспарын автоматты түрде құрастыруды, динамикалық презентациялар мен оқыту материалдарын дайындауды, құжаттарды (журнал, есеп, кері байланыс т.б.) жеңіл әрі жылдам жүргізу жолдарын, оқушыларға жеке тапсырма дайындау және бағалауды автоматтандыру әдістерін меңгереді.
Білім сапасын арттыру жолында цифрлық трансформацияны меңгеру – заман талабы. «AMANAT» партиясы мен «Daryn Online» платформасының бірлескен жобасы — осы бағыттағы нақты әрі нәтижелі қадам. Ұстаздардың жоба аясында «Daryn AI» платформасында жарияланған байқауға қатысу арқылы Астана қаласында өтетін ПедХакатонға жолдама алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жоба шарттарын орындап, ұстаздар ұсынған өз жобаларын үздік қорғап шығу қажет. Нәтижесінде жеңімпаз ұстаздар Оңтүстік Кореяға білім саласында тәжірибе алмасуға бару мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі жасанды интеллект дәуірінде ұстаздарымыз заманауи технологияларды игеріп, өз саласында озық болса, олар тәрбиелеген шәкірттер де білімді, саналы әрі заман талабына сай бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасары сөзсіз.
Абай облысы, Бесқарағай ауданы
«Семеновка орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Зухра Кайрбек